— Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап ауқымды реформаларды іске асырып жатыр. Еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әлемдік стандарттарға сай келетін тиімді механизмдерін қалыптастыру бағытын ұстанды. Мемлекет басшысы Жолдауында ашықтық және ақпаратқа қолжетімділік мәселелерін ерекше атап өткен болатын. Қазіргі таңда Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің жаңа дәуірін бастады, — деді Бектенов.
Ол елімізде ашықтық пен айқындық қағидаттарына негізделетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа моделі қалыптасып, жыл басынан бері халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 55 пайызы онлайн-режимге көшірілгенін айтты.
— Қызметтердің 23 пайызы «Бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіліп жатыр. Яғни, жалпы алғанда мемлекеттік қызметтердің 78 пайызы азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлердің байланысынсыз көрсетілуде. Бұл шаралар аталмыш салада тұрмыстық жемқорлықтың деңгейін 3/4 мөлшерге дейін азайтуға мүмкіндік берді. Біздің мақсат – алдағы екі жылда мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын электронды форматқа ауыстыру. Ал қалған қызметтердің 10 пайызын тек «Бір терезе» қағидаты бойынша көрсету деңгейіне жеткізгіміз келеді, — деді агенттік төрағасының орынбасары.