«Ақкербез» би ансамблі Әулиеата жұртшылығына тарту жасады

0 19

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында халықаралық конкурстардың лауреаты «Ақкербез» би ансамблі «Баласағұн» ОКЗ-да Әулиеата жұртшылығына «Би керуені» атты концерттік бағдарламасын ұсынды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Концерттік бағдарлама театрланған көрініспен басталды. Ансамбль қазақтың «Ерке сылқым», орыс ұлтының «Барыня», «Яблочко», өзбек ұлтының «Хорезм», сондай-ақ ұйғыр, испан, ретро, татар, түрік, «Достық» атты жаңартылған билерін ұсынды.

Кеште әнші, композитор Жандос Омаров, әртіс, Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова, заманауи әндерімен жастардың арасында топ жарған «Boysband AQQARA» тобы, Халықаралық конкурстардың лауреаты «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Балауса» циркі, облысымызға танымал жұлдыздар Жанна Асанқұлова, Құрмаш Қуанышбаев, Әлішер Балтаев, Азамат Алмереков және Динара Қыпшақ өнер көрсетті.

Сондай-ақ, би ұжымы  Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың және филармония директоры Сейтқасым Шерімұлының алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, «Ақкербез» би ансамблі  2019 жылы 1-27 қаңтар аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа мен Заид әл-Нахаян атындағы гуманитарлық ұйымының ұйымдастыруымен Әбу-Даби қаласында өтетін Халықаралық шейх Заид атындағы мәдени фестивальге қатысуға жолдама алып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.