Қазақстанның ең үздік вайнері анықталды

0 2

Елордада «Astana VineFest» жастар фестивалі өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA  ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Фестиваль аясында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті және еліміздің ең үздік вайнері анықталды.

Онлайн-дауыс беру нәтижесінде «Үздік вайнер» аталымын және 350 мың теңге жүлдені «_aitkarimov» жеңіп алды.

Екінші орын және 250 мың теңгенің сертификаты «Dd331» командасына берілді.

Сәйкесінше, үшінші орын мен 150 мың теңге жүлдеақыны «al_farabi.bizhanov» никіндегі вайнер иеленді.

Атап өткен жөн, ұйымдастырушылар жеңімпаздардың есімін білген жоқ, оларды көрермендер онлайн-дауыс беру жолымен анықтады.

Астана әкімдігі қоғамдық даму істері басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бақытжан Жүнісбеков вайнерлер мен скетч түсіретіндерді шатастырмау қажеттігін айтты.

«Екеуі екі бөлек дүние. Қазақстанның үздік вайнерлерінің миллионнан астам оқырманы бар. Кез келген БАҚ мұндай аудиториясымен мақтана алмайды. Өткен жылғы фестивальге Нұрлан Батыров, Ти Джекрс сынды үздік вайнерлер қатысқан болатын. Биыл олар әділқазы алқасының құрамына кіріп, жас вайнерлерге баға берді», — деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, қатысушыларға ролик түсіру үшін «Астананың 20 жылдығы», «Жастар саясаты» және «Жастар деген кім» тақырыптары берілді. Хронометраж 1 минуттан аспауы тиіс. Вайнерлер видеоны 2 күнде түсіруі тиіс еді. Байқауға түскен толассыз өтінімдерден 15 үздік бейнеролик финалға іріктелді.

«Байқаудың форматы «Дауыс» шоуына ұқсайды. Тәжірибелі вайнерлер қазылар алқасына шақырылды және әрқайсысы өз командасын жасақтап, үміткерлерге бағыт беріп отырды. Барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді. Жеңімпаздарға 350 мың, 250 мың және 150 мың теңгенің сертификаттары табысталды», — деп өз сөзін толықтырды спикер.

Сонымен бірге бөлім басшысы өткен жылғы қатысушылардың «Қасиетті Қазақстан» бағыты бойынша түрлі бейнероликтер түсіргенін еске салды.

«Олардың Астана, Тараз қалалары туралы патриоттық бейнероликтерін қазір түрлі шараларда жастарға көрсетіп жүрміз», — дейді Б. Жүнісбеков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.