Қазақстан халықаралық саясаттағы шиеленістік оқиғаларға алаңдап отыр. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Қырғи-қабақ соғыс дәуіріне қарағанда, қазіргі әлем көпполярлы болды. Сонымен бірге жаңа ережелер әлі де айқындалмаған. Осының салдарынан тәуекелдер мен дағдарыстарды көп жағдайда болжау қиын», — деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, негізгі державалар арасындағы қатынастардың конфронтациялық сипаты XX ғасырда құрылған шиеленісті бәсеңдету тетіктерін біртіндеп демонтаждауға алып келуде.
«Орта және шағын қашықтық туралы қатысушы тараптардың тепе-теңдік келісімінен біржола бас тартуы бақылаусыз қарулану қаупін, сондай-ақ басқа да негізгі құжаттар күшінің жойылуы қатерін байқатады. Бұл өз кезегінде стратегиялық шабуылды қару-жарақ шартына қатысты. Мұндай регресс бір сәтте орын алуы мүмкін. Аталған келісімдерді бекіту үшін кезінде көптеген жылдар қажет болған еді. Осы орайда дипломаттар қажырлы еңбек етті», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы АҚШ және Ресей секілді ядролық державалар барша адамзатқа қатысты үнемі қамқорлық білдіріп келгенін атап өтті. Бұл тұрғыда олар қауіпсіздік мәселелерін шешіп келді.
«Менің ойымша, бүгінде адамзат болашақта не боларын білмей отырып, мазасыз күйде қалады. АҚШ пен Ресей елдері, ЕО басшылығы ғаламшар үшін жауапкершілікті сезініп, сарапшылар деңгейінде диалогты бастау керек деген өзімнің ұсынысымды енгіздім. Кейіннен оны ең жоғары деңгейді қарастырған жөн. Қазақстан осы келіссөздер үшін өзінің алаңын ұсынуға әзір», — деді Н. Назарбаев.