Шу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мәселелері бойынша жиын өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Оған аудан әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ербол Аймамбетов және жоғарыда аталған мәселеге байланысты облысымызда құрылған жұмысшы топ мүшелері мен ауыл әкімдері қатысты.
Жиын барысында сөз алған Клара Исакқызы аталмыш мәселе төңірегінде ауданымызда атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды.
–Қазіргі кезде ауданымызда жұмысшы кадрларды даярлаумен айналысып жатқан төрт мекеме бар. Білім беру мекемелеріне жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Ал, олар нәтижеге қол жеткізіп отыр ма? Міне, бүгінгі жиын да мұндай білім берудің қажеттілігі қаншалықты деген сауалға жауап беру және оның нәтижелілігін анықтау мақсатында өткізіліп отыр, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан кейін сөз сөйлеген облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Запира Жұрымбайқызы жұмысшы топты құрудағы мақсатты түсіндіріп өтті.
-Бүгінгі күні барлық мәселе маман даярлауға келіп тіреліп тұр. Сол себепті де, экономиканың бүгінгі сұранысына қажетті мамандарды дайындау үшін не істеу керек деген мәселе күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Осыған байланысты, 2019-2023 жылдарға арналған қажетті мамандық иелерін анықтау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, жоспарға сай жұмыстар атқарылуда. Тиісті жұмыстар атқарылған соң, келесі оқу жылында қажетті маман иелеріне білім гранттарын бөлуіміз керек. Бұл мәселе тікелей облыс әкімінің назарында болғандықтан және нақты мәліметтерге қол жеткізу үшін аудандармен қоян-қолтық жұмыс істеуіміз қажет, — деді Запира Жұрымбайқызы.
Жиын соңында, ауылдық округ әкімдері жұмысшы топқа бірқатар сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.