Облыста аудандық кітапханашылар сынға түсті
Ы. Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде аудан кітапханашыларының арасында «Кітапханашы – ХХІ ғасыр мамандығы» атты облыстық байқауы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Байқау Жамбыл облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен заманауи жетістіктерге лайықты әдіс-тәсілдермен кітапхана ісін дамытуға қабілетті кітапханашыларды таныту және мамандық беделі мен әлеуметтік мәнін көтеру мақсатында өтті.
Жарысқа Жамбыл, Мойынқұм, Сарысу, Жуалы, Т.Рысқұлов, Шу, Байзақ, Қордай, Талас аудандарынан 9 үміткер ниет білдіріп, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, байқау шарты бойынша қатысушылар «Кітапханашы – мәртебелі мамандық», «Білікті маман – Ел тірегі», «Таныс болайық», «Ширату», «Өнерлінің өрісі кең», «Кітапхананың ақпараттық ресурстары», «Ас-адамның арқауы» деген сайыстарда бақ сынады.
Әділ қазылардың шешімі бойынша бас жүлдені Талас ауданының кітапханашысы Динара Серікбаева иеленді. І орын — Жуалы ауданынан келген Айман Алтайбековаға, ІІ орын — сарысулық Айнұр Почтаеваға және ІІІ орын — Т.Рысқұлов ауданының кітапханашысы Мөлдір Керімбаеваға бұйырды.