Бүгінде Жуалы ауданында заман талабына сай нысандар бой көтерген. Осы орайда, «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшілері ауданға арнайы ат басын бұрды.
Алғаш бас сұққан нысанның бірі Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі Жуалы ауданы Ақсай округінің Қайрат ауылы Абай көшесі 1 «б» ғимаратында орналасқан. 1990 жылы музейдің қабырғасы қаланды. 1995 жылы 5-мамыр күні музей салтанатты түрде ашылып, халыққа қызмет ете бастады.
Жалпы территориалдық ауданы 349,8 м.кв.. Ғимараттың ауданы 259,4 кв.м., экспозицияға берілген аудан 189,6 кв.м., қорға берілген аудан 12,4 кв.м., 6 бөлмелі, 1 қабаттан тұрады. Кірпішпен соғылған.
Мұражайдың алғашқы меңгерушісі — Амангелді Ормантаев, одан кейін Ермекүл Жапарбекова, 2012 жылдан Ғалия Оралбекқызы, 2015 жылдан бері Қаламқас Оспанқызы қызмет етіп келеді.
Музей қорында жалпы 2282 жәдігер бар. Түскен жәдігерлер дер кезінде есепке алынып, тіркеу кітабына тіркеледі. Экспозицияда 1139 жәдігер қойылған. Онда Бауыржан Момышұлының суреттерінен жасалған фото колладждар (балалық шағы, әскери өмірі, шығармашылықпен айналысқан кезі, жанұясы туралы), әскери киімі, гвардиялық белгісі, белдігі, бейбіт кезде киген киімі, пайдаланған заттары (электрлі сақал алғышы, бет сүлгісі, тамақ ішкен кесесі, күміс қасықтары мен шанышқысы, қымыз, шұбат, сусын құятын ағаш тостағаны, ағаш қасығы мен ағаш ожауы шәй ішкен ыдысы мен шәй қасығы) өз қолымен ойған оюлары-альбомы, алған құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы жарлық, «Ғасыр саңлағы» «Ғасыр қаһарманы» атағы берілгендігі туралы құжаттары, домбырасы, жатқан төсегі, жұмыс бөлмесіндегі заттары (үстелі, орындығы, ағылшын машинкасы, май шамы, қалам салғышы, аспалы шамы, күлсалғышы ,мүштегі, сувенирлері), кітаптары, сағаты мен тамақ ішкен ыдыстары журнал үстелі т.б. заттары бар. Куба Республикасына барған сапарындағы әкелген заттары мен суреттері қойылған.
Сонымен қатар, музейде «Баукеңнің қарулас жерлестері» атты бұрышта ауданымыздан Ұлы Отан Соғысына қатысқан ардагерлеріміздің суреттері ілініп, құжаттары, хаттары, алған медалдары, ордендері, төс белгілері, марапаттау қағаздары, алғыс хаттары қойылған. Осы жерде Батыр қалалар-Волгоград, Минск, Курск доғасы, Ленинград, Одессадағы бауырластар зиратынан әкелінген топырақтар қойылған.
Сондай-ақ, бүгінде Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейі де халыққа қызмет етуде.
Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2017 жылдың 30 қарашасында Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімінің №284 қаулысымен «Болашаққа бағдар-Рухани жаңғыру» аясында құрылды.
Штат бойынша-11(он бір) қызметкер бар.
Мекеме екі қабатты ғимаратта орналасқан. 3 залдан, 5 қызметтік бөлмеден тұрады. 1-ші үлкен залда-археологиялық жұмыстардан табылған жәдігерлер, 2-ші залда-батырлар залы яғни, Жуалы батырларының үлкен суреттері мен өмір баяндары жазылған, 3-ші залда-«Болашаққа бағдар-Рухани жаңғыру» залы. Бүгінде Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейінде – 920 жәдігер сақталуда.
Тағы да бір жаңалық. Жуалылық тұрғындарға арналған ағымдағы жылы 25 шілде күні коворкинг орталығы ашылған болатын.
Коворкинг орталығына жергілікті бюджеттен 2200, 0 мың теңге бөлінді. Коворкинг екі бөлімнен тұрады, бірінші бөлме еуропалық стильде жабдықталса, екінші бөлме ұлттық нақышта безендірілген.
Коворкинг орталығының ашылуы — аймақтың кітапханалары үшін, жаңа пайдаланушыларды тартуға және жаңа жұмыс түрлерін еңгізуге мүмкіндік беретін орын. Кітапханадағы коворкинг орталығы – тұрғындарға ноутбукпен жұмыс істеуге, ұнаған кітабыңды оқуға, шахмат, шашкі, дойбы ойнауға, өз шығармашылық қабілеттеріңді арттыруға, балалар телевизор көруге мүмкіндік береді. Жалпы орталықта жастарға. сондай-ақ барлық санаттағы келушілерге жағдай жасалған.
Сонымен бірге, Жуалы аудандық филиалы, Жуалы ауданы әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандар арасында алғашқы болып ІТ-сынып пайдалануға берілді.
ІТ-сыныпта 10 оқушы, 1 мұғалімге арналған барлық құрал-жабдықтары, оқу-құралдары және компьютерлермен қамтамыз етілген. Интернетке қосылған. Сонымен қатар, ІТ-сыныпта оқушылардың сабақ оқуымен және құрал-жабдықтармен жұмыс істеудегі ескертпе стендтері, робототехника және 3D модельдеу үстелдері құрал-жабдықтарымен 3D принтер орналасқан. Онда оқушылар «STEM centr» академиясының 3 модульден тұратын оқу оқып, сертификатталды.
ІТ-сыныпта 8 және 16 жас аралығындағы оқушыларға оқытылады. Нәтижесінде, оқушылар 1-ші оқу модулінде бағдарламалауды игеріп шығады. Сондай-ақ, «Скрейтч», «Питон», «Си++», «Жава», 2-ші оқу модулінде робототехниканы, «Лего» және «Арудинно», 3-ші оқу модулінде 3D модельдеуді және «Аутодеск», «Скетч ап», «Солидоркс» бағдарламаларын меңгеріп шығады.