Қазақ Елі әуелден ешкімді де ұлтына, дініне қарап бөлген емес

0 3

«Көпұлтты және көпконфессионалды еліміздің әлеуметтік-саяси жағдайының тұрақты болуының маңызды факторы – қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан ынтымақтастық пен руханилық, толеранттылық екені бәрімізге белгілі. Тарихқа шолу жасар болсақ, ХХ ғасырдың басында саяси репрессияға ұшырағандарды, сондай-ақ бұрынғы Кеңес Одағының барлық республикаларынан тың және тыңайған жерлерді игеруге келген көптеген ұлттарды ұлы қазақ даласы туған жеріндей қарсы алып, бауырына басқаны баршаға мәлім. Олардың өсіп-өніуне, білім алып, еңбек етуіне барлық жағдай жасалып, нәтижесінде әрбір отбасы, жеке тұлға ретінде өзін қалыптастыра алды».

Бұл – ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің төрағасы Қайсар Жанахановтың «Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалогқа қосқан үлесі» тақырыбында өткен конференцияда жасаған баяндамасынан үзінді.

— Біздің еліміз ұлттына, ұстанатын дініне қарай ешкімді бөлмеді. Әрбір ұлт пен этникалық топтың тілі, ділі, мәдениеті құрметтелді. Бұл кез келген дағдарысты еңсеріп, елдің экономикасын қарқынды дамыта отырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасайтыны анық. Елімізде қалыптасқан осындай үрдістердің арқасында біз әлемдік аренада бейбітшілік пен келісімінің, достық пен бірліктің «қазақстандық үлгісін» қалыптастыра білдік,-деген комитет төрағасы ары қарай:

— Ендігі біздің мақсатымыз – осы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сіз бен біз болып одан әрі нығайту және орнықтыру. Себебі, біз өз тәжірибемізде діни және этникалық алуандылыққа қарамастан, сындарлы диалог пен өзара түсіністік демократиялық мемлекеттің ұлттық байлығы бола алатынын дәлелдей білдік,-деп сөзін жалғады.

Сонымен қатар, Қ.Жанаханов 3 жыл сайын Астана төрінде өтіп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі туралы да тілге тиек етті.

— Мемлекеттік органдар мен діни бірлестік өкілдерінің арасындағы жылдар бойына созылған ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты ерекше атап өткім келеді. Бұл – қазіргі таңдағы азаматтық қоғамның және ел Үкіметінің әлемдік және дәстүрлі діндер құндылықтарын қайта жаңғыртуға бағытталған қызметінің нәтижесі. Оның бірден бір дәлелі – биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі диалогты, толеранттылықты, ынтымақтастықты қолдайды. Алайда, Съез дінді саясаттандыруға, радикалды күштердің кейбір елдер мен қоғамдар арасында діндегі құндылықтар мен нанымдарды теріс пиғылда пайдалануға қарсы тұруды көздейді. Бірінші Съезден бастап, 15 жыл ішінде алты дінаралық саммитке қатысқан қатысушылар – рухани көшбасшылар, барлық мәдени және діни қауымдастықтар мен халықтар арасындағы бейбіт қатар өмір сүруді қамтамасыз етуде өзара түсіністік пен құрметтің, диалогтың ықпалы күшті екенін көрсетіп берді,-дейді Қоғамдық келісім комитетінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.