Облыста тұңғыш рет айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің одағы құрылды

0 8

Бүгін Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында өңіріміздегі айтыскер ақындардың басын қосқан «Айтыс өнерін дамытудың жаңа бағыттары» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесуде «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының» Жамбыл облысы бойынша филиалы құрылып, төрағасы сайланды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Аталған жиынның негізгі мақсаты келер жылдың басында өтетін республикалық «Жамбыл – менің жай атым, халық-менің шын атым!» атты ақындар айтысында жүлделі орын алу үшін жерлес ақындарымыздың дайындықтарын шыңдау мен өңірдегі жас айтыскер ақындарды дайындайтын тәлімгер, ұстаздарды бекітіп, үйрету бағдарламасын жасау.

Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ашып, қазіргі уақытта облысымыздағы төл өнердің даму барысындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып өтті.

Басқарма басшысының сөзінше, талантты айтыскер ақындарды ең алдымен ауылды өңірлерден іздеп тауып, іріктеу байқауын ұйымдастырып, соның ішіндегі жүйрік деп танылғандарына облысымыздағы атақты ақындарды тәлімгер ретінде бекітіп, еліміздегі республикалық, халықаралық ақындар айтысына қатысуға мүмкіндік жасау керек екендігін алға тартып отыр.

Игілікті жобаларды жүзеге асыру мақсатында басқарма басшысының ықпалымен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының» Жамбыл облысы бойынша филиалы құрылып, жиналған ақындардың қолдауымен Одақтың төрағасына Ахметжан Өзбеков сайланды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған одақ облысымызда тұңғыш мәрте құрылып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.