Жамбыл облысында «Бурное солар — 2» электр күн станциясы іске қосылды

0 60

Бүгін Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында еліміздің әр өңірінде 28 өндіріс орны іске қосылды. Олардың қатарында облысымыздағы «Бурное солар- 2» күн электр станциясы да бар. Бұл бұған дейін жұмыс істеп тұрған күн электр станциясының екінші кезеңі болып есептелінеді. Осы бойынша станцияның қуаты екі есеге артып, 100 Мвт-қа кеңейтілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның құны 25 миллиард теңгені құрайды. Құрылтайшы «Samruk Kazyna – United Green» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады.

Станцияда «jinko Solar» (ҚХР) компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі, Sungrow (ҚХР) өндірісінің 16 инверторлық станциясы орнатылған. Айта кетейік станцияның құрылыс кезеңінде 300-ге жуық жұмысшы тартылған болатын. Ал пайдалану кезеңінде 45 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Мемлекет басшысына тікелей бейнебайланыс арқылы жоба жетекшісі, серіктестіктің бас директоры Нұрлан Қапенов айтып берді.

Оның айтуынша, жоба электр энергиясын өндірудің экологиялық таза әдісін қарастырады. Электр энергиясының жылдық болжамды өндірісі 78,2 млн кВт*сағ құрайды, бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жылына 95 мың тоннадан астам СО2 шығарындысының алдын алады.

Күн электр станциясы елімізде, оның ішінде облыста электр энергиясының тапшылығын жабуға үлкен үлес қосады.

Орталық Азиядағы ең ірі КЭС болып табылатын жоба электр энергиясын өндірудің экологиялық таза әдісін қарастырады. Жарық күні 660-680 мың кВт/сағ шамасында өндіре алады. Бұл 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Елбасының пәрменімен іске қосылған күн электр станциясы Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылының маңына, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомагистралінің бойында орналасқан. Екінші кезеңде салынған нысанның аумағы 74 гектар жерді алып жатыр.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға қарай қазақстандықтар тұтынатын электр энергиясының жартысы баламалы жолмен өндірілуі керектігін тапсырған болатын.

Бүгінде Президент жүктеген жұмыс жүзеге асыруда Жамбыл облысы республика бойынша көш бастап келеді. Күннен, желден және судан энергия өндіретін 168 мегаваттық 10 станция бар. Оларда облыста тұтынылатын электр энергиясының 16 пайызын өндіріледі. 2020 жылға бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, телекөпір аясында Өрнек ауылдық дәрігерлік амбулаториясынан тікелей байланысқа шыққан «Транстелеком» акционерлік қоғамының дамыту және құқықтық сауалдар бойынша вице-президенті Елнар Адайбеков цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ол ауылдық жерлерді цифрландыру, білім саласын ғана емес, медицина мен мемлекеттік қызмет көрсету салаларын да қамтуда екенін жеткізді.

Бағдарламаның арқасында Өрнек ауылының тұрғындары жылдамдығы секундына 20 Мбит сапалы Интернеттің пайдасын сезініп, цифрлық кеңістіктің алғашқы тұтынушыларына айналған.

Бүгінгі таңда ауылдағы дәрігерлік амбулатория ешбір шектеусіз Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы серверлерінде тіркелген 18 портал мен регистрлерді шектеусіз қолдануға мүмкіндік алып отыр. Осы бойынша әр бір ауыл тұрғынының электронды паспорттары жасалынуда.

Ал, 2019 жылы амбулатория толыққанды қағазсыз қызмет көрсетуге ауысады. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтің жылдамдығын арттырады.

Елнар Адайбеков «Транстелеком» компаниясы мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобасының сапалы әрі өз уақытында жүзеге асатынына кепілдік беретінін, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында өмір сүру сапасының артқаны үшін Елбасыға ауыл тұрғындарының алғысы мол екенін жеткізді.

Айта кетейік, жалпыұлттық телекөпір барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алтын сапа», «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.