Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында медициналық қызмет сапасының халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды құрамдасы болып саналатынын, осы ретте Жуалы ауданында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ертай және Қошқарата ауылдарында денсаулық сақтау нысандары ашылды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Ертай ауылындағы 5 келушіге арналған медициналық пункттің ғимаратын «АКМ групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Қос ауыл тұрғындарының көптен күткен көзайым қуанышын бөлісуге аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев келді.
Салтанатты шараға жиналған ауыл тұрғындарының қарасы мол болды. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов Елбасының азаматтардың денсаулығын нығайтуға, өмір сүру жасын ұзартуға зор көңіл бөліп отырғанын, мемлекеттің осы мақсатқа бөлетін қаражатының көлемі алдағы уақытта да арта беретінін, келер жылы аудан аумағынан тағы да жеті медициналық пункттің салынатынын жеткізді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, ауылдық округтер ардагерлер кеңестерінің төрағалары Мақсатбек Байболов ауыл өміріндегі маңызы зор оқиғамен құттықтай келе, тұрғындарға жылы ілтипаттарын білдірді. «АКМ групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженері Кәмілхан Әбиев ғимараттың символикалық кілтін аға дәрігер Дина Бауыржанқызына табыс етті.
Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қошқарата ауылы тұрғындарының да қуанышында шек жоқ. Ауылда құрылысы жаздай жүргізілген 15 келушіге арналған заманауи дәрігерлік амбулатория ғимараты салтанатты жағдайда ашылды. Оның құрылысын «Форте капитал» ЖШС жүргізді. Қошқараталықтар мереке қарсаңында ауылдың орталық көшесінің бойынан орын тепкен сәулетті денсаулық сақтау нысанын іске қосуға келген аудан басшыларын қуана қарсы алды.
Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов жиналғандарды мерекемен және жаңа медициналық нысанның ашылуымен құттықтай келе, тағы бір маңызды жаңалықты жеткізді. Таулы өңірдегі ауылдарды газдандыру жобасына республикалық және облыстық бюджеттерден қомақты қаражат бөлініп, келер жылы аудандағы таулы өңірдегі қалған 15 ауылды газдандыру жұмыстары басталатынын айтып, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев, дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Сұлтанмұрат Шерметов мемлекеттің халықтың денсаулығын нығайту бағытында жасап отырған көмек-қолдауына ризашылығын білдіріп, ақ халатты абзал жандардың ел игілігі үшін жасап жатқан жұмысына табыс тіледі. Жаңа ғимараттың символикалық кілтін аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Сұлтанмұрат Шерметовқа табыс етті.
Аса қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілген үш ауылдағы денсаулық сақтау нысандары заман талабын ескере отырып, соғылған. Бөлмелері кең, жылы, әрі жарық. Ең бастысы, ауырып, ем іздеп келген жандардың сауығып кетуіне барлық жағдай қарастырылған.
Жуалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі