Денис Теннің өліміне қатысты іс сотқа түсті

0 9

Денис Теннің өліміне қатысты іс сотқа жіберілді. Қылмыстық іс Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралатын болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мамандандырылған қылмыстық сотқа ҚР ҚК 434-бабы, ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімі, 188-бабының 2-бөлімінің 1- тармағы бойынша айыпталған  Ж.Толыбаева, ал ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімінің 1 тармағы, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Арман Құдайбергенов, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Нұралы Қиясовқа қатысты іс 13 желтоқсанда түсті. Қылмыстық іс 38 томнан тұрады. Іс бойынша 3 сотталушы сот алдында жауап береді», — деді баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан көз жұмған еді. Оқиға Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00-дер шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсынан жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді.

Бірақ Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Кейін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар күдіктілер ұсталып, қылмыстарын мойындады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.