Жаңа жыл – балалар үшін жыл он екі айдың ішінде келетін мерекелердің ең қызықтысы және ең кереметі. Жылдағы дәстүр бойынша «Баласағұн» орталық концерт залында «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер» атты Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа жылдық шыршасы болып өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Ел Президентінің жаңа жылдық шыршасына облыс аудандары мен Тараз қаласынан 9 бен 13 жас аралығындағы 200 бала қатысты. Олардың арасында ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балалары, сондай-ақ, оқуда, спортта, шығармашылық пен қоғамдық өмірде жетістікке жетіп жүрген оқушылар бар.
Мерекелік кеште балғындар көптеген қызықтарға тап болды. Аяз Ата, Ақшақардан басқа, түрлі ертегі кейіпкерлерін, роботтарды кезіктірді. Жаңажылдық мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылымға жалғасты, қызықты ойындар ойналып, әсем әндер шырқалды.
Мемлекет басшысының бүлдіршіндерге экран арқылы жолдаған құттықтауынан кейін мерекелік шыршаға қатысқан әрбір балақайға Елбасының атынан қоржын толы сыйлықтар үлестірілді. Оқушыларға мерекелік сыйлықтарды Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов табыстады.
Жаңа жыл шыршасына жиналған балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл жайнап,көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.