Тараз қаласында ағымдағы жылы 10 робототехника сыныптарын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Тараз қаласы әкімі Ғалымжан Әбдірайымов 2018 жылы атқарылған жұмыстарға халық алдында есеп беру жиынында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ғалымжан Ғайылұлының сөзінше, мемлекеттік «Цифрлы Қазақстан» бағдарлама аясында 9 бастама айқындалып отыр. Атап айтсақ, «Ақылды» қала — қауіпсіз қала» жобасы бойынша №41 мектеп гимназиясында оқушылардың сабаққа келу және үйлеріне қайту мерзімдерін тіркеп отыратын «қауіпсіз мектеп» жобасы енгізілді, 16 мектепте бейнебақылау жүйесі жаңартылды. «Мемлекет – азаматтарға» жобасы бойынша 41 мектепте Wi-Fi сымсыз ғаламтор желісі орнатылса, және 5 мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталды.
Сондай-ақ, қалада 10 «ақылды бағдаршамдар» орнатылды. Атап айтсақ, Балуан Шолақ — Жібек Жолы, Жібек жолы — Самарқанд, Төле би даңғылы — Әл-Фараби, Абай даңғылы — Ташкент, Төле би даңғылы – Аққозиев, Тәуке хан – Саңырақ батыр, Жамбыл даңғылы – Көшеней, Жамбыл даңғылы – Қазыбек би, Жамбыл даңғылы – Қонаев және Тәуке хан – Б.Момышұлы көшелерінің қиылысында. Ал 2019 жылы пилотты жоба ретінде «Астана» мөлтек ауданында 8 аула «ақылды жарықтандырумен» қамтамасыз етілетін болады.
Тағы бір жаңалық. Көлік саласын цифрландыру бойынша қаладағы жолаушылар маршруттарын үздіксіз қозғалыс кестелерінің және жылдамдық режимдерінің сақталуы үнемі қадағаланып отыратын online режимінде GPS-навигациялау taraz-bus.kz сайты жетілдірілді. Сонымен бірге, ағымдағы жылы 43 бағыттағы 670 қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру құрылғысын енгізу жұмыстары басталып, 2020 жылы аяқталатын болады.