Бүгін облыс басшысы Асқар Мырзахметов Байзақ ауданына жұмыс сапары барды. Сапар барысында Көктал ауылындағы жеке кәсіпкер Марат Есенбаевтың өсімдік майын шығару цехының жұмысымен танысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәулігіне 40 тонна шикізатты қайта өңдеуге қауқарлы цехта 25 адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы – 60-70 мың теңге.
Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен 2015 жылы пайыздық ставканы субсидиялау тетігі бойынша 59,9 миллион теңге несие алып, айналма қорын толықтырған. Ал, 2017 жылы 75 миллион теңге несие алып, өсімдік майын тазартатын құрал-жабдықтар сатып алған. Сондай-ақ, өткен жылы кепілдеме тетігі бойынша 60,0 миллион теңге несие алып, айналым қаражатын толықтырып, өндірісті кеңейте түскен.
Марат Есенбаев мемлекеттік бағдарлама аясында өндірісін бұдан да кеңейтуге ниетті. Ол үшін мемлекет тарапынан кепілдеме қажет болып отырғанын жеткізді.