Астықты ауданда ауқымды тірліктер атқарылуда

0 8

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру жөнінде келелі ой қозғап, оны дамыту қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ, Жолдауда халқымыздың азық-түлігін, киімі мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндірмейінше  халықтың тұрмысын жақсарту мүмкін еместігі де жан-жақты зерделеп жазылған еді.

«Қарапайым заттар экономикасының» халыққа тигізер пайдасы қандай? Аталмыш жоба шеңберінде Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша қанша тұрғын несие алды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің басшысы Юнисов Ерғали Райымжанұлымен өрбіген сұхбатымыздан оқи аласыздар.

— Ерғали Райымжанұлы, «Қарапайым заттар экономикасы» жөнінде қарапайым жұрт көп ақпарат біле бермейді. Сондықтан бұл бағдарлама туралы толығырақ мәлімет айтып беріңізші…

— Ең әуелі қарапайым заттар өндіру үшін тым қымбат құрал-жабдықтың, керемет инновациялық технологияның және өте жоғары деңгейлі кадрлардың қажеті жоқ екендігін айтқым келеді. Мәселен, ауданымызда сауданы дамытуға -36, компьютерлік қызметті дамытуға – 2, монша қызметін дамытуға – 3, жеңіл өнеркәсіп – 2, өндірісті дамытуға – 2, қоқыстарды қайта өңдеу – 1, сүтті өңдеу заводы – 1, авто қызмет – 1, наубайхана – 1, сән салонын дамытуға – 1,  туризмді дамытуға – 1 адам несие алуға ниет білдірген.  Мен атап өткен кәсіптің барлығы қарапайым заттар экономикасының тізбегіне жатады. Қазіргі уақытта аудан бойынша қарапайым заттар экономикасы бойынша бизнесті дамыту шеңберіндегі несие алатындар саны 51-ге жетіп Үкіметтен жеңілдетілген несиенің сұратылған сомасы 652 миллион 500 мың теңгені құрап отыр. Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында өткен жылдың қараша айынан бастап «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының» аудандық өкілдігі «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша жоспарлы түрде жұмыс жасау үстінде. Нақтырақ айтсақ, аудандағы 15 ауылдық округте орналасқан 42 елді мекеннің тұрғындарына қарапайым заттарды, атап айтқанда, сауданы, өндірісті және әр түрлі қызмет түрлерін дамыту үшін Үкіметтен ұсынылған жеңілдіктер бойынша хабарландырулар таратылып,  республикалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының бөлімшесінде екі күндік жиналыс ұйымдастырылды.

— Яғни, менің түсінуімше, сіздердің басты мақсаттарыңыз аудан аумағында шағын және орта кәсіпкерлікті ілгері дамыту ғой. Солай ма?

— Дәл солай десе де болады. Бүгінгі таңда әр түрлі сала бойынша жеке кәсіппен айналысқысы келетін 51 адам «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының» аудандық өкілдігінде тіркелген.  Осы тұлғаларға несие алып беру мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, «Береке-3», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары арқылы «Халық банкі» АҚ, «Центр Кредит» АҚ, «Форте банк» АҚ сынды екінші деңгейлі банктерге сүйене отырып, ұсыныс білдірген тұлғалардың несие алуларына қолғабыс етіп отырмыз. Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап, «МФО-Тараз» шағын несиелік ұйымымен тығыз қарым-қатынас орнатпақшымыз. Бұл ұйым бір жылдан асқан кәсібі бар тұлғаларға мал шаруашылығы және сүтті қайта өңдеу зауыттары бағыттары бойынша 6 пайызбен 5 жылға 20 миллионға дейін несие береді.

 — Әңгімеңізге рахмет.

Құрметті оқырман, осы орайда аталмыш бағдарлама бойынша алғашқылардың бірі болып несие алғалы отырған Кәмшат Молдақасымованың пікірін де сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

— «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының» аудандық өкілдігінің тікелей ат салысуы бойынша 20 миллион теңге алу үшін «Халық банкі» акционерлік қоғамына қажетті құжаттарды жинап ақпан айында өткіздім. Бір айлық банктің тексерісі бойынша барлық талаптардан өттім. Жақын арада қажетті соманы қолыма аламын деген үміттемін. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның елу пайыздық грантымен 85 пайыздық кепілдігі бойынша жеке өзімнің 3 миллионға бағаланған жылжымайтын мүлігімді кепілге қоя отырып, 5 жылға 7 пайыздық жылдық үстемемен 20 миллион теңге алып, 60 бас бұқаларды бордақылап, етін сатумен айналысуды жоспарлап отырмын. Бүгінгі күнде арнайы мал бордақылау орындары дайын, — дейді кәсіпкер Кәмшат Рысханбайқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.