“Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында Байзақ ауданында еңбек қатынастарын электронды форматқа ауыстыру бағытында үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 27 кәсіпорында 1068 жұмыскердің еңбек шарттарын E-HR жүйесіне енгізу жоспары белгіленген. Ал бүгінгі таңда 29 кәсіпорында 1320 жұмыскердің еңбек шарттары енгізіліп, жоспар 102 пайызға немесе 252 еңбек шартына артығымен енгізілген, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бұл туралы апта басында ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Балабек Нарбаев айтты. Алдымен мәжілістер залында аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссия отырысы өткізіліп, онда басқарма басшысы Балабек Нарбаев баяндама жасады.
Баяндамашы еңбек қатынастарын реттеу, жалақы қарыздарын болдырмау жөнінде толықтай тоқталып, түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, ол бүгінде аудан бойынша жалақы қарыздары және еңбек шиеленістері туралы ресми ақпарат тіркелмегендігін жеткізе келе, еңбек қатынастары саласындағы ахуал тұрақтылығын алға тартты. Бұдан өзге, өндірістік жарақаттанушылық және жазатайым оқиғаларға тоқталып, жалақыны көтеру мәселесі бойынша ауданның жеке секторындағы 1593 кәсіпорынның 432-сі 4070 жұмыскерге жалақысын көтеретінін растағанын, жұмыс істеп тұрған 434 кәсіпорынның 319-ында ұжымдық шарттардың тіркелгенін және де бұл көрсеткіш аудандағы әрекет етіп тұрған заңды тұлғалардың 73 пайызын құрайтынын жеткізді. Осыған орай, жуырда әлеуметтік — еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында аудандағы ұжымдық шарттар көлемін 80 пайызға жеткізу туралы меже белгіленгенін, аталмыш жұмыстарды жалғастыру керектігіне тоқталды.
Баяндамасының соңында басқарма басшысы аудандағы әлеуметтік — еңбек қатынастарын реттеу, еңбек шиеленістері мен дауларының алдын алу, бизнестің әлеуметтік жауапкершіліктерін арттыру бағытындағы бірқатар ұсыныстарын енгізді.
Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтің ауданда атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы баяндамасы тыңдалып, отырыс қатысушылары тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Үш жақты комиссия отырысынан соң облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Балабек Нарбаев «Әулие Ата — Феникс» және «Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болып, ұжым мүшелерімен кездесті.
Жүздесу барысында облыс бойынша еңбек қатынастарын электронды форматқа ауыстыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардан ақпарат бере отырып, бұл қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыруға жол ашатындығына екпін салды.
Сондай-ақ, аталған серіктестіктердің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршіліктерімен жақын танысып, жұмысшылар тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.
Жұмыс сапарынан кейін облыстың бас еңбек инспекторы Т.Рысқұлов ауданына аттанып кетті.
Мұхтар МАНЕКЕЕВ.