Қытай инвесторлары Жамбыл облысында карбид өндіретін зауыт салуға ниетті. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың инвестор «North Huajin Chemical Industries Incorporated» компаниясы мен «Тараз химиялық паркі» АЭА-ның өкілдерімен болған кездесуінде айтылды. Кездесуде «Химпарк Тараз» АЭА аумағында аммиак және карбамид өндіретін жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кету керек, «North Huajin Chemical Industries Incorporated» компаниясы мұнай, газ,химиялық өнімдер өндірумен айналысатын әлемдегі 500 ірі ұйымның қатарына кіреді. Химикат пен тыңайтқыш өндіру саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар ұйым өңірімізде карбид өңдіретін зауыт салуға ниетті. Бұл бағытта олар инвестиция құйып, құны 600 миллион АҚШ доллары болатын жобаны жүзеге асырмақ. Зауыт жылына 800 мың тонна өнім өндіреді деп күтілуде. 2021-2022 жылдары жүргізілетін құрылыс жұмыстарына 4 мыңға жуық жұмысшы тартылып, зауыт іске қосылғанда 400-500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Кездесуде аталмыш Қытай компаниясының вице-президенті Канг Кифа өз сөзінде жобаның мақсаты мен маңыздылығы жайлы айтып өтіп, инфрақұрылым мәселелерін тілге тиек етті. Әсіресе, газ, электр, және жол мәселелерін шешу бойынша жеңілдіктер сұрады.
Өз сөзінде өңір басшысы инфрақұрылым мәселелері осы бағыттағы инвесторларға қатысты тиісті заңға сәйкес шешімін табатынын жеткізіп, аталмыш жобаны облыста жүзеге асырудын тиімді тұстарына тоқталды.
Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы мүмкіндігінше қажетті жағдайлар жасалынатын айта келе, инвесторларға да қойылатын нақты талаптар бар екенін баса айтты. Облыс әкімі жоба бойынша ашылатын жұмыс орындарына негізінен жергілікті тұрғындарды тарту керектігіне аса көңіл аудартты. Бұл бағытта сұранысқа орай мемлекеттік грант бөліп, қажетті мамандарды дайындауды қазірден қолға алуға болатынын айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді.