Жамбыл облысында 60 пәтерлік көпқабатты үй пайдалануға берілді

0 4

Қаратау қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қаладағы №5 шағын ауданында орын тепкен аталмыш №55 үйге қайта жаңғырту жұмыстарын тараздық мердігер «Темір-Байлық» ЖШС-і жүргізген. Жоба құны 228 млн. 450 мың теңгені құраған. Нысан өткен жылдың 6 маусымда пайдалануға қабылданып, инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілген.

Мереке қарсаңында пайдалануға берілген бұл арендалық тұрғын үйде екі бөлмелі -10, үш бөлмелі-30, төрт бөлмелі — 20 пәтер бар. Аталған тұрғын үйге қоныс аударатын адамдардың тізімі аудандық тұрғын үй комиссиясы тарапынан жасақталған.

Пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйден пәтер алған 60 отбасының 40-ы әлеуметтік аз қамтылғандар тобына жатады. Оның ішінде көпбалалы 17, толық емес 15, мүгедек бала асыраушы 2 отбасы бар. Сондай-ақ, 1 мүгедек және 5 оралман отбасы пәтер кілтің иеленді. Қалған 20 пәтер мемлекеттік бюджеттік қызметкерлері мен қызметтік пәтер иеленушілерге тиесілі.

Айта кетейік, Талас ауданы бойынша 2018-2019 жылдары барлығы 440 пәтерді құрайтын 6 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланса, бүгінде оның 4-і (барлығы 290 пәтер) пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы тағы да 2 тұрғын үй (барлығы 150 пәтер) пайдалануға берілмек. Бұл өз кезегінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 143 әлеуметтік аз қамтылған отбасыны баспанамен қамтуға бағытталмақ.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.