Шу ауданына қарасты Төле би ауылдық округіндегі Мұхтар Әуезов атындағы шағын орталықты орта мектебінде «Бейбіт күннің батыры» атты мектеп түлегі Ерлан Тохтарбайұлы Райымқұловтың ерлігін насихаттау, азаматтығын үлгі ету, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында жиын болып өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жиынға Шу ауданы әкімінің орынбасары Ә.Ә.Балқыбеков,Шу аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Қ.К.Бексейітов тағы да басқа шақырылған қонақтар қатысты.
Еске салсақ, 2019 жылғы 10 мамыр күні 47762 әскери бөлімнің әскери қызметшісі, мектебіміздің түлегі, сержант Ерлан Тохтарбайұлы Райымқұлов өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, суға батып бара жатқан баланы құтқарып,өзі қайтыс болды.
Адам өмірін құтқаруға қатысты сын сағаты соққан кезде ерлік пен қайсарлық танытқаны үшін сержант Ерлан Райымқұлов қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, өз өміріне төнген қауіпті елемей,адам өмірін құтқаруда батылдығы мен жанқиярлығы,жанкештігі үшін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған болатын.