Облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауданының табиғаты тынысты ашып, бойды сергітетіні даусыз. Сондықтан болар өлкеде салауатты өмір салтын қалыптастырған тұрғындардың саны күн санап артуда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Оған дәлел, бүгінде Жаз-Атаның ауылында 32743 адам тұрып жатса, соның 9265-і спортты жанына серік еткен. Бұл халықтың 28,3 пайызы. Аудан биыл бұл межеден еселеп асуды көздеп отыр. Ол үшін аймақта бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалған.
Атап айтсақ, өлкеде 104 спорт нысаны елге есігін айқара ашып, қызмет көрсетуде. Оның 1-і спорт кешені болса, 1 орталық стадион, 28 спорт зал, 74 спорт алаңдар мен алаңшалар қалқысыз жұмыс жасауда. Міне, осы нысандар арқылы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында былтыр 263 спорттық шара ұйымдастырылып, оған 12686 адам тартылған.
Ауданда №19 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тынысы бір бөлек. Мұнда бүгінде 644 жас спортпен шұғылданып жатса, 24 жаттықтырушы мен 6 спорт нұсқаушы балғындардың шеберліктерін шыңдауда.
— Жалпы ауданда 7-18 жас аралығында 5462 бала тіркелсе, соның 11,8 пайызы осы спорт мектебінде шынығуда. Олардың қазақ күресі, еркін күрес, бокс, волейбол, баскетбол, футбол және дзюдо күресімен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Одан бөлек, Бірлік ауылында бокс, қазақша күрес үйірмесі, Кеңесте волейбол, баскетбол, Биназарда қазақша күрес, баскетбол, Шығанақта қазақша күрес, Көкжелекте дзюдо және қазақша күрес, Қылышбайда бокс, Күшамен мен Құмөзекте қазақша күрес және Жамбыл ауылында волейбол, кіші футбол үйірмелері жұмыс жасауда. Байқағандарыңыздай біз қазақ күресіне ерекше басымдық беріп отырмыз. Және барлық елді мекендер жас балуандарды баулуда.
Жалпы былтыр аудан спортшылары барлық деңгейдегі додаларға қатысып, толайым табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, самбо күресінен Моңғолияда жастар арасында өткен Азия біріншілігінде Оңалбай Жұмадулла чемпион атанса, Грузияда жалауы желбіреген әлем чемпионатында күміс жүлдемен қуантты. Одан бөлек, қазақ күресінен ел және облыс біріншіліктерінде Нәзімхан Наурызбай, Оразалы Жандәулет, Алпысбай Еркін, Тыныш Сырым, Жұмаділ Елдияр, Жасұлан Жарас, Тілепберген Шынғыс, Әзімхан Ерхан, Орманқұл Өрісбай, еркін күрестен Батырхан Нұртай, Шоқпарбек Нүркен, Шәкірбек Санжар, Сабырхан Мейірхан, Дінисламұлы Нұрислам, бокстан Мейрам Болашақ, Мұраталы Дінмұхамет және Зауытбай Сұлтан жүлделі орындардан көрінді. Ал Мейрам Болашақ есімді былғары қолғап шеберіміз болса, ел чемпионатында теңдессіз атанды, — дейді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков.
Жаз-Атаның ауылында мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту да назардан тыс қалмаған. Мәселен, 2017 жылы 22 адам спорт үйірмелеріне жолданса, былтыр бұл көрсеткіш 6,3 пайызға артқан. Сондай-ақ ювеналды полиция тобының есебінде тұрған 10 баланың 4-еуі спорт мектебіне орналастырылған.
Осылайша мойынқұмдықтар салауатты өмір салтын қалыптастыруға барынша күш салуда. Және ауданға қарасты елді мекен тұрғындарын да жіті бақылауға алып, түрлі спорт нысандарының есігін елге айқара ашуда. Бұл сөз жоқ, ел ертеңі үшін жасалып жатқан құтты қадам екені даусыз.