Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылына «Ауыл- ел бесігі» жобасы аясында 948 миллион теңге бөлінген

0 35

Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылын жаңғыртуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 948 миллион теңге бөлініп, 29 жоба іріктеліп алынған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбековтің айтуынша, бөлінген қомақты қаражаттың басым бөлігі көшелерді жарықтандыруға, білім нысандарын күрделі және ағымды жөндеуден өткізуге, 60 млн.100 мың теңгесі спорт нысандарын күрделі және ағымды жөндеуге жұмсалмақ. Ал  52 млн.500 мың теңгеге мәдениет  ғимараттары  жаңғыртылып , жұмыспен қамту орталығының ғимараты жөнделмек. Бұдан өзге  93 млн.900 мың теңгеге  денсаулық сақтау нысандарына күрделі және ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 108 млн.теңге жолдарды қалпына келтіруге бағытталыпты.

Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртудың маңызын атап өтіп, «Ауыл-ел бесігі» жобасын жандандыруды тапсырған болатын.  Осы бағыттағы жұмыстар аясында Жамбыл облысы бойынша 163 перспективалы ауылдардың тізімі бекітіліп, биылғы жылға Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылы, Жамбыл ауданындағы Аса  ауылы және Шу ауданындағы Төле би ауылы белгіленген еді.

Қазіргі таңда 29 жобаның 18 жобасының жеңімпазы анықталып, 14 жоба бойынша жұмыс басталған.

Сүгірәлі Құрманбек басшылық ететін «КонСулКом» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары ғимараттың алдыңғы алаңының ескі брусчаткаларын алып, орнына жаңасын төсеуде.  Нысанның сыртына да әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Екі қабатты ғимараттың фойелеріне әрлеу жұмыстарымен қатар, ішінара есік-терезелер де ауыстырмақ.

Ағымды жөндеу жұмыстары  аяқталған кезде ғимараттың сыртқы келбеті жаңғыртылып, алдыңғы  жағына жаңа орындықтар, шамдар орнатылатын болады. Жоба құны 14 млн. 664 мың теңгені құрап отыр.
Сондай-ақ,  Бәйтерек ауылдық округіне қарасты К.Көшербаев атындағы көшенің  0,355 шақырымына,  Мәмбет батыр  көшесінің 1 шақырымына, Кравцов көшесінің 0,250 шақырымы мен Әзімбек Жанқұлиев атындағы көшенің 0,333 шақырымына орта жөндеу, Жиделі көшесінің 1,200 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.

Сонымен  қатар, Сарыкемер ауылындағы орталық стадион аумағына футбол алаңын орнатуды «Архат-Өркендеу» ЖШС-і  атқаратын болды.  Бүгінгі таңда футбол алаңының қадалары қағылып, олардың түбі бетондалуда. Серіктестік жұмысшылары Жандос Райымқұлов пен Бауыржан Бейсенбаев шағал тастарды жайып жатса, кейбірі темірторларды дәнекерлеуде.
Жалпы «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жобалар Сарыкемер ауылының ажарын ашып, келбетін көріктендіре түсетіндігі ақиқат.

Бұдан бөлек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында, осы өңірдің тумасы, Мәскеу олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің демеушілігімен туған ауылында спорт кешенін салуға  жер телімі бөлініп, сметалық құжаттары мақұлданды.  Жібек жолы ауылында кәсіпкер Ләззат Жабатаеваның қолдауымен 100 орындық балалар бақшасы іске қосылғалы отыр. Бурыл ауылында кәсіпкер Таласбек Шертаевтың демеушілігімен футбол алаңы, көкөзектік ілкімді азамат Асылбек Жантаевтың қаржылай қолдауымен шағын футболы алаңы салынуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.