Жуалы ауданының жастарынан құралған экспедициялық топ жақында Шу ауданындағы тарихи орындарды аралап қайтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырмасымен биыл жазда облыс көлемінде «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция өткізіліп жатыр. Аталған экспедиция Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Жастар жылына орай ұйымдастырылуда.
Осыған орай Жуалы жастары Шу өлкесіндегі «Ақтөбе Баласағұн» орта ғасырлық қалашығымен, «Жайсаң» ғұрыптық кешенімен және Төле би бабамыздың туған жерімен танысып, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Тоғыз жолдың торабы болған Шу өлкесі ежелден-ақ отырықшы шаруашылық пен мәдениеттің жері болған. Соның алтын белгісі – орта ғасырлық Ақтөбе қалашығы. Іргетасы сонау VI ғасырда қаланған көне қала әлі де зерттеліп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қалада ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұни дүниеге келген екен. Қаланы алғаш 1974 жылы Уахит Шәлекенов ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Ақтөбе қалашығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары ХІХ ғасырдың аяғынан басталып, күні бүгінге дейін үздіксіз жүргізілуде. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қалашықтың VІ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген деген дерегі анықталып, қамалдар, мұнаралар, салтанатты сарайлар кешені, қақпа, монша, шеберхана және т.б. құрылыс қалдықтары ашылған.
Жуалылық экспедиция тобы Шу ауданының «Өлкетану» мұражайында да болды. Мұнда Баласағұн қалашығынан табылған көзе құмыралар, диірмен тастар, құман, тұрмысқа керекті ыдыс-аяқтар сақталған. Мұражайда тұрған құмыра ыдыстар құдды бір керемет шебердің қолынан шыққандай.
Жастар іздене келе мынадай ақпаратқа тап болды: қиын-қыстау кезеңінде 1940-1960 жылдары Шу өңірінде өмір сүрген Нұржаубек Көшекұлы соғысқа бармай, халықтың қамын ойлап, зергерлік бұйымдар, сырға, сақина, алқа, ат әбзелдері, үзеңгі жасап, тіпті аң аулап сол ауылды аман алып қалған екен. Бұл өлкетану мұражайында сол кездегі бабамыз Нұржаубек Көшекбаевтың қолөнер бұйымдары сақталған екен.
«Жайсаң» түрік ғибадатханасы – Шу ауданындағы ерте орта ғасырлық түркілердің мәдени-ғұрыптық кешені. Бұл аймақтағы кешенді ескерткіштер тобын жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен рулық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды. Ғұрыптық қоршаулардың әрқайсысының орта тұсында жарым-жартылай сындырылған, беттері шығысқа қаратылған балбалдармен стелалар орнатылған. Тас мүсіннің мойнында ірі тастардан алқа бейнеленген, сонымен қатар сырт киімінің жағасы мен кең келген жеңі, шығыс үлгісінде малдас құрып отырған бейнесі салынған. Оң қолында кубок үлгісіндегі ыдыс көрсетілген. Қоршаулардың ішіндегі ең көлемдісі құрылыстың шығыс жағында орналасқан.
Жаңа заман жаңа дүниелерді талап етеді. Жастар өздері барған тарихи орындардың бәрінде мемлекеттің жасап отырған қамқорлығын байқады.