Тәжік халқының  тұрмыс салты

0 202

Қазақстан мен Тәжікстан елдерінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына жиырма бес жылдан астам уақыт өтті. Бұл қазақ халқының бауырмалдығы мен қонақжайлылығыың тағы бір дәлелі.

Жамбыл жерін мекен еткен тәжік халқының мәдени мұрасы мен салт-дәстүрі өте бай.    Олар өздерінің дәстүр – салтын көздерінің қарашығындай сақтап,  оларды өз ұрпақтарына мұра етіп келеді. Олар ұлттық құндылықтарын әр түрлі меркелерін тойлап онда әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін көрсетіп, әдебиеттер мен мәдениеттерін жастарына насихат, үлгі етеді.

Тәжіктердің салт-дәстүрі өмірлерінің едәуір бөлігін қамтиды: күнделікті тұрмысы мен мерекелеріне дейін. Қалада да, ауылда да тұрмыс-тіршілігімен байланысты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды ұстанады, қазіргі жаһандану дәуірінде мұның бәрін сақтап қалу да оңайға түспес. Дегенмен де Тәжікстанның өзінде ауылдарда және шағын қалаларда ұлттық киімдерін киіп жүретіндерді кездестіруге болады. Үйлену тойларында, басқа да іс-шараларда ұлттық би мен музыкасы міндетті түрде ойналады.

 Бұл елдің дәстүрлері – олардың өмір сүру салтының, мәдени құндылықтарының, эстетикасының кілті және осы таңғажайып елді біліп, тану тәсілдерінің бірі.

Тәжік ұлттық билері ерте орта ғасырға дейін пайда болған. Олар тұрмыстық маңызды оқиғаларда: бала туу, отбасылық мереке және басқа да іс-шаралармен байланыстырылып отырған. Ол бірнеше стильге бөлінеді: памирлік, таулық, бұхаралық, оңтүстік (Хатлон аудандарының тобы), Солтүстік Тәжікстанның Гиссар аңғары. Олардың әрқайсысы түрлі костюмдерімен, қимылдарымен және өңір тұрғындарына тән мәнерлерімен өзгешеленеді.

Тәжік ұлттық биі келесі түрлерге бөлінеді: би-пантомима (ең көне түрі) жануарлар мен құстарға еліктеуге негізделген, жоралғы биі – раксхои маросими, пойамал биі Памир ауданында сақталған. Сонымен қатар салт билеріне «гилем» – кілем, «бофт» – мата, «ошпаз» – аспаз жатады.

 Ерлер биіне жауынгерлер биі жатады. Олардағы қозғалыстар өкпек болып келеді: динамикалық, жылдам, күш пен қуатты бейнелейді. Шамшербози – қылышпен, кордбози – пышақпен, оташбози – отпен билейтін би. Музыкалық аспаппен билейтін ерлер мен әйелдер биі – ракс бо дутор (дутармен), ракс бо дойра (дабылмен), ракс бо гижжак (гиджак).

Сонымен қатар би элементтерімен театрландырылған көрініс қояды. Мысалға, аспакбози – жылқымен билеу, уштур бакатор – түйе керуені биі, киштибози – қайықпен билеу. Бұл дәстүрлі билер пантомима, драмалық ойын және цирк өнері элементтерінен тұрады. Әрі дәстүрлі билер тартымды көріністермен байланысты.

            Құдалық

Тойдың алдында құдалық рәсімі болады. Әдетте тәжіктерде жаңа туған нәрестелерді немесе жас балаларды атастырып қоятын болған. Мұндай құдалықтың екі түрі болады: говорабахш – «бесік құда», доманчок – есейген балаларды атастыру.

«Доманчок» кәдесінде ұл бала мен қыз баланың аналары дұға оқып, жұқа нанды екіге бөледі де, балаларды қатарластырып қойып, олардың көйлектерінің етектерін бір-біріне байлап, тігістерінен жыртады.

Қыз бен жігітті өз таңдаулары бойынша ата-аналары немесе кәсіби «совчи» (жеңгетай) үйлендірген. Олар алдын ала күйеу жігіт пен қалыңдықтың ата-аналарымен сөйлесіп, артынша құдаларды жіберіп, құда түсу рәсімін өткізген.

            Сақина салу

 Бұрынырақта құда түскеннен кейін (он күн немесе бір ай шамасында) құда түсу рәсімі қайталанады: күйеу жігітке қалыңдығы кім болатыны айтылады, ал кешкісін жігіттің анасы үстіне жұқа нан жабылған палауын алып, қалыңдықтын үйіне барады. Оған шай ұсынылып, палау дайындалып, туысқандар, көршілер, ақсақалдар шақырылады. Жиналған қауымға сол үйдің қыз баласына құда түсетіні туралы хабарланады. Дәмнен ауыз тимес бұрын сыйлы ақсақалдардың бірі жұқа нанды бөліп, үйленетін жастарға бақыт тілеп, дұға оқиды. Барлық жоралғылар дұға арқылы орындалады. Мұндай жоралғы фотиха («ашылу», «бастама») немесе ноншиканон – «нан бөлу» деп аталады және жастардың ресми атастырылуы болып табылады.

            Қалыңдықтың ата-анасына қалың мал беру

Үйлену той қалыңдықтың ата-анасына қалың мал берілмейінше өтпейтін болған.

Белгіленген күні қалыңдықтың әкесіне қалың мал әкелу үшін күйеу жігіттің үйінде «тахта пас кунон» (қамыр илейтін тақтайды түсіру деген мағынада) ұйымдастырылған. Жұқа нан (лочира) пісіріліп, кемпірлер той көйлегін пішіп, келіншектер оны тіккен. Мұның барлығы дұғамен, әнмен сүйемелденген.

Келесі күні күйеу жігіттің үйінде қалыңдықтың әкесімен қалың малдың мөлшері талқыланады. Дәл сол күні қалыңдықтың үйінде кешкісін «тахта пас кунон» жоралғысы жасалады. Дәмнен ауыз тиіп, жастардың бақыты үшін дұға оқылғаннан кейін қыздарға қамыр илетіп, тойға жұқа нан пісіртеді, ал үлкендер жағы күйеу жігіттің тойға арналған сыйлықтарын қарауға кіріседі.

Бірнеше күн өткен соң, әдетте бейсенбі күні, қалыңдықтың үйінде «латта бурон» жоралғысы жасалып, күйеу жігіт сыйға тартқан маталардан киімдер тігілген.

Тойды егін орып болған соң, күз айларында жасайды.

            Сюзане – той көрпесі

 Үйлену тойына міндетті сыйлық – сюзане. Тәжіктер дұрыс тоқылған көрпе жыннан және көзден сақтайды деп сенген. Осы орайда белгілі бір ережелерді сақтаған жөн. Мысалы, мақтадан жасалып, қолдан тоқылған ақ кенепті қолданады – тек осындай мата жоралғыға сәйкес таза әрі Алланың қалауымен деген түсінік қалыптасқан.

Тойдың алдында жасауды бітіру үшін қалыңдықтың үйінде көршілері мен туыстары жиналып, жоралғы жасайды. Әуелі Құран оқытып, көпбалалы ана тігінді бастап берген.

Шеберлердің көп болғанына қарамастан, дайын көрпеде кішігірім олқылықтар кездесіп тұрады. Көрпедегі оюлардың маңайында бір тесік қалдырылады. Негізінде шеберлер оны әдейі істейді екен: мақтасын, бірақ көз тимесін, ал жастардың бақыты осы аяғына дейін тігілмеген көрпе сияқты ешқашан таусылмасын деп ниет еткен. Тойдан кейін ең үздік тігілген сюзане жастардың бөлмесін әшекелейді.

            Үйлену тойы

Үйлену тойы күні (никох) таңнан палау дайындалып, ауыл адамдары шақырылады. Әуелі ерлерді, одан соң әйелдерді және балаларды тамақтандырады. Қалыңдық пен күйеу жігіт әркім өз үйінде той рәсіміне дайындалады. Кешқұрым молда екі жастың некесін қияды. Қалыңдықтың құрбылары мен туыстары көршілерді шақырып, олар шақырған қыздарға той ұзағынан болсын деген ниетпен бір тегене ұн береді.

Дәм ауыз тиіп, дұға оқылған соң, кіреберіске қарсы жаққа шымылдық құрып, қалыңдықты құрбыларымен отырғызады. Сол жерде шашын тарап, киімін кигізеді. Ал шымылдықтың алдында қалғандары би билейді. Сенімді өкілдері арқылы қалыңдықтың келесімін алып, молдаға хабарлайды. Содан кейін акди никох – неке қию рәсімі өткізіледі.

Неке қию рәсімі біткен соң, күйеу жігітті құттықтап, оның жолын отпен жарықтандыра отырып, қалыңдыққа қарай апарады. Қалыңдық отырған үйдің есігінің алдында күйеу жігіт зығыр сабанымен жағылған оттан секіріп, тазартылады. Күйеу жігіт үйге кіріп, қалыңдық отырған шымылдықтың алдында тоқтайды. Күйеу жігіт кеткен соң, қалыңдыққа паранжа кигізіп, сыртқа шығарады да, әкесін қоштасуға шақырады. Қалыңдық туғандарымен қоштасып болған соң, күйеу жігіттің үйіне апарады. Күйеу жігттің үйінің маңында алау жағып, той керуені оттың маңынан жүріп өтеді. Үй алдында да от жағылып, қалыңдық аттап өтетін болған.

Үй алдында тоқтап, қайын атасы аяғының астына мал сояды. Қалыңдық малдың қаны мен жайылған матаны басып үйге кіреді. Матаны екі кемпір ұстап тұрады. Қалыңдықты енесі қарсы алып, шымылдықтың артына отырғызады. Әйелдер мен балаларға палау таратылады.

Дайындаған: Назерке Оңғар

Leave A Reply

Your email address will not be published.