Алты бірдей телефонды түрме аумағына лақтырмақ болған тараздық тұрғын қолға түсті. Оқиға Тараздағы ЖД-158/7 мекемесі аумағында күндізгі сағат 10:00- шамасында орын алған , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Құқықбұзушылық дерек түзеу мекемесі аумағында, ішкі күзет территориясына тиым салынған заттардың өтіп кетпеуі, заңсыздықтарға қарсы арнайы іс-қимыл барысында анықталып отыр.
Барболов көшесі маңын торуылдап жүрген ер-азамат қоршау асырып белгісіз затты лақтырып, қайта екінші қорапты лақтыруға әрекеттенген кезде қолға түсті. Мекеменің жедел тобы күдіктіні оқиға орнында құрықтаса, №3 ішкі күзет аумағынан расында күмәнді орама табылды. «Скотчпен» маталған екі бірдей зат ішінен 6 «NOKIA», «SAMSUNG» маркалы ұялы байланыс құралдары анықталды.
Күдікті Тараз қаласының тұрғыны, 37 жастағы орыс ұлтының өкілі. Қазіргі таңда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 481 бапқа сай іс сотқа жолдану үшін құжаттар жинақталуда. Түрме тәртібіне нұқсан келтірмек болғаны үшін мемлекет қазынасына қомақты айыппұл төлейтін болады.