Тараздық Зияткерлік мектептің оқушыларына білім гранттары тағайындалуда

0 2

Тараздық Зияткерлік мектептің 12 сынып оқушыларына алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік жоғары оқу орындарынан білім гранттарын тағайындау бойынша хаттар келіп түсуде , деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Бірінші болып өз шақыртуларын Ақнұр Қасым мен Нұртөре Амангелді алды. Назарбаев университеті оқушыларға бакалавриат бағдарламасына толық грант ұсынды. Ал Ақнұр Foundation университет алдындағы дайындық бағдарламасына қатыспастан оқуға кірісетін болады. Оқушылардың таңдауы НУ-нің Инженерия және сандық ғылымдар мектебіне түскен.

– Назарбаев Университетіне түсуге ниет білдірушілерге IELTS/SAT/GRE/GMAT халықаралық тестілерінің құрылымын әр бағдарлама талаптарына байланысты зерделеуге кеңес берер едік. Тестке дайындықты ертерек, яғни бір немесе екі жыл бұрын бастау керек, – деген кеңестерімен бөлісті Ақнұр мен Нұртөре.

Бағы жанғандардың ішінде Владислав Егай мен Абзал Мәдиев те бар. Оқушылар АҚШ-тағы St. Francis College және Чехияның Prague Language Institute оқу ордаларының жартылай гранттарына ие болды.

– Болашақ мамандығымды экономикамен байланыстыруды жоспарлап отырмын. Егер адам өзі сүйген мамандығын таңдаса, оның қайтарымы да толық болады, тек өзіне ғана емес, қоғамға да пайда әкелуге мүмкіндік туады, – деді Владислав.

Биылғы оқу жылында Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 112 оқушы аяқтайды. Олардың көпшілігі бірнеше ЖОО-на түсуге өтінім берген. Жақын арада оларға қабылдау комиссияларының шешімдері көрсетілген хаттар келуі тиіс. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, кейбір түлектер шетелдік жоғары оқу орындарына түсу туралы шешімді қайта қарауда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.