Бұл заңды бүкіл еліміздегі ардагерлер қауымы қуана қабылдады деп сенемін. Себебі, аталған құжатта ардагерлердің сан жылдар бойы төккен тері, адал еңбектері еленіп, көптеген жеңілдіктер қарастырылған.Заңда қазақстандық ардагерлердің санаты кеңейтіліп, осы уақытқа дейін еліміздегі «ардагер» деген санаттың аясы шектеулі болса, енді оған ҰОС ардагерлері, оларға ҰОС қатысушылары мен ҰОС мүгедектерінен бөлек, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ауғанстандағы ұрыс-қимылға қатысқан әскери қызметшілер тағы да басқа бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент қосылып отыр. Бұл – кезінде тағдырдың айдауымен азаматтарымыздың жат жердегі от пен оқтың арасында жүрген ауыр күндерінің өтеуі болмақ. Бұл заңда қазақстандық ардагерлерге төленетін жәрдемақы ұлғайып, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтардың салықтың 11 түрінен босатылатыны жазылған. Еліміздегі ардагерлерге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетіндігі – өте құптарлық шешім. Мұны – қатары күннен күнге сиреп келе жатқан, ұрпағы үшін кеуделерін от пен оққа тосқан майдангерлердің ерлігіне жасалған тағзым деп білемін. Осыған орай ардагерлерге жасап жатқан жақсылығы үшін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық ардагерлердің атынан алғыс айтамын.
Аудандық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы С. Өтегенов