Тіл мәселесіне бей-жай қарауға болмайды

0 16

ӘРБІР ТІЛДЕ СӨЙЛЕ ӘЛЕМДІ ТАҢҚЫЛЫП,
АНА ТІЛІН БІЛМЕУ ҚАНДАЙ ЗАҢДЫЛЫҚ.
ӨСЕР БАЛАҢ, БАЙТАҚ ДАЛАҢ ТҰРҒАНДА,
ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖАСАУ КЕРЕК МӘҢГІЛІК.
АНА СҮТІМЕН БОЙҒА БЕРІЛЕТІН ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ,АНА ТІЛІ АРҚЫЛЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕ БАСТАЛАДЫ.
ДЕСЕК, БӨБЕКТІҢ ҮНІ-ТІЛ, АНАНЫҢ ӘЛДИІ ДЕ-ТІЛ, БЕСІК ЖЫРЫ ДА- ТІЛ. АНА ТІЛІ — АР ӨЛШЕМІ. АЛ, ТІЛДІ ШҰБАРЛАУ КӨҢІЛ ТҰНЫҒЫН ЛАЙЛАУ ДЕП ТҮСІНУІМІЗ КЕРЕК.

Ата-бабамыздың аманаттап кеткен тіліміздің, бай мұрасын жалғастырып, мәртебесін көтеру — бізге міндет. Бүкіл қазақ халқының тағдыры саналатын тіл тағдырына алаңдауға толықтай негіз бар. Өйткені тіл әр елдің ділі, рухы, ұлттық болмысының жиынтық көрсеткіші. Алпауыт мемлекеттер Польша, Германия, Франция немесе Ресейде ана тілдерінің ертеңіне алаңдамайды. Себебі бұл елдерде ұлттық әдебиет, мәдениет, білім мен өнер өз тілдерімен біте қайнасып, айырылмастай тұтастық орнаған.
Ал, бізде ше, «Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын» деген Сұлтанмахмұт Торайғыров бүгінде бізбен болса не етер еді ?! Тіл мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Украинадағы саяси жағдайларға назар салсақ бұл ұлттық дәрежедегі мәселе екенін байқаймыз.
… Ата-анам Қарағанды қаласында тұрады. Сонда әр қыдырып барғанда байқағаным, онда қазақ тілі тынысының тарыла түскені… Қоғамдық орынның бәрінде – көше, базар, автобуста болса да, көбіне орысша сөйлейді. Сонда өзіме керегімді қазақша айтып түсіндіре алмағандағы ыза болғанымды-ай… Шіркін, өз елімде жүріп деп, тамағыма өксік тығылып, кәдімгідей жылағым келді.
Шындығында, баламызбен бір тілде ұғыса алмайтын уақытқа келе жатқан сияқтымыз. Өйткені, мектепте берілген дәрістерді баламызға үйрете алмайтын халге жеттік. Ал,ақпараттық кеңістік үстемдігіне келсек орыс тілінің айдарынан жел есіп тұрғалы қашшан…
Бұл ұлт тұтастығына қауіпті емес пе?-деген күдікке жетелейді. Қазірден бастап қолға алуды өзімізден бастамасақ сынған кесені біріктіре алмаған сияқты ана тілімізді біріктіру қиынға соқпас па екен?! Маңызды мәселенің салғырттықты көтермейтін феномен екендігін ұмытпағанымыз жөн болар. Билік бастап, бүкіл халық қоштап, тіліміздің қолдану аясын кеңейту қажет.
Қазіргі таңда қазақ қоғамында үштілділік мәселесі қызу талқыланып жатыр. Ұлттың мәселесіне немқұрайлы қарамай жанашырлық танытып, пікір білдіріп, үн қосып жатқан азаматтарымызда аз емес.
Асан қайғы біркезде «Көлде жүрген қоңыр қаз, Қыр қадірін не білсін? Қырда жүрген дуадақ, Су қадірін не білсін?» деп ұлт мәдениетінен сусындап, ана тілінің уызына жарымаған ұрпаққа алаңдап, қазақ тілін қастерлеп, оның қасиетін қайдан ұқсын? Балаларымызға басқа тілде тәрбие мен білім бергеніміз қасиетімізден айырып, қасіретімізге айналғанын әлі толық сезіне алмай отыруымыз, тағы да өзге тілдер мен өзге мәдениеттер етегіне жармасып жатуымыз – біздің бүгінгі шынайы бет-бейнеміз. Сол бет-бейнемізді бүркемелеген сайын бет-аузымыз қисайған үстіне қисая беретінін ұмытпаған абзал.
Адам баласы тумысынан біртілді. Ешкім қостілді, көптілді, полиглот болып тумайды деп көптілділік мәселесі белгілі лингвист, әлеуметтанушы, психолог, нейролог, физиолог және психолингвист ғалымдар тарапынан зерттелді, зерттеліп жатқанда үштілділікке ауыстық.
Бірақ біз орыс тілін жетік меңгергендіктен орыс тіліндегі ғылыми-техникалық, танымдық мол ақпаратты алумен қатар, орыс халқының озық әдебиетімен таныса білдік.
«Елу жылда ел жаңа…» демекші, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері әлемнің көптеген дамыған елдерімен мәдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік жағынан байланыс жасап келеді. Бұл қатынастардың оң нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтастығы, өзара түсіністігі, яғни тіл білуінен. Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ.
Қазақстанды әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Яғни мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.
Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескерткенін тағы бір қайталап қойсақ артық болмас.
Ахмет Байтұрсыновша айтсақ «Халықты құрту үшін алдымен оның тілін құртады» деген сөзі манадан бері шиыршықтап отырған сөздерімізге бір-ақ ауыз жауап емес пе?! Соңғы санақ бойынша, Қазақстан халқының 93,5 пайызы өз ұлтының тілін — ана тілі деп санайды. Ал, 74 пайызы қазақ тілінде ауызша сөйлей алады. Сонымен қатар 94,5 пайызы орыс тілді болса, 15,4 пайызы ағылшын тілін толық меңгергендер.
Ана тілі ананың ақ сүті мен әлдиі арқылы бойға дарыған рухани болмыстың баға жетпес құндылық екендігін айқындайды. Баланы тәрбиелеуде, оған рухани қуат беруде ананың орны ерек.
Мына қызыққа қараңыз әйел күніне 20 000 сөз сөйлейді екен. Шындығында ананың сәбиімен сөйлесуге арналған сөздік қоры қаншаға жетсе де артықтық етпейді. Тек баламен көп сөйлескенде, оған тілінің ерте шығуына, тез жетілуіне зияны тиетін, жаман, балағат сөздер болмаса болды. Балаға көп ақпарат беру керек. Бесік жырынан бастап ұлттық сана бойға сіңеді. Тіліміздің асыл маржанын теріп ертегі, мәнерлеп өлең оқу «Қазақтың қасиеті сөзінде» дегенге саяды. Тілінің хас табиғатына тұщынып, қас-қаймағын қанып сімірген бала тумысынан өзгеше, дарынды келеді. Ғылымдардың өзі дәлелдеп берген осы тәрбие бүгінде баласын тастай салып, жұмысқа, тірлігіне асығатын аналарымыз үшін керек-ақ. Қашанда тәжірибе алып, салыстырмалы түрде ойды дамытып тұрған артықтық етпес. Сондықтан Жапон мен қытайлардың мына тәрбиесіне назар аударыңызшы. Олар 10 жасқа дейін өзге тілде мүлдем оқытпайтындығы… Барлығы бағанадан бері сөз етіп отырған «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген халқымыздың даналығында. «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер» дейді, яғни сұлтандай сыйла, еркелет, бес жасына дейін барлық нәрмен сусындат, ұлттық құндылығыңды сіңір. Егер ұлым хан болсын десең, әкесін хандай күт деген сөздердің мағынасы қандай тереңде жатыр десеңізші…
Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі М. Әуезов, Қ. Сәтпаев, Ә. Марғұлан сияқты талай тарландарымыз қанша жерден Ресей топырақтарында білім алып, сол империяның қысымын көрсе де, ана тілін көкке көтерген. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік.
Шынымен де қазіргі қоғаммен оның өткенін байланыстырушы тарихи сана қалыптаспайынша патриотизмді қалыптастыру мүмкін емес. Әлем бойынша екінші ұстаз саналатын, ұлы ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби 76 ұлттың тілі білгендігіне қалай тәнті болмассың. Ал, талай жалынды жырларымен рух берген, дауылпаз ақын Махамбет пен нағыз ұлт жанашыры Шоқанның да сауатты болғанын, бірнеше тілді еркін меңгергенін білеміз. Бір туар Абай орыс-қазақ тілдерімен қоса парсы, араб тілдерін де жетік меңгерген. Бірақ, олардың барлығы ең әуелі отбасыларынан алған қазақи рухпен сусындаған. Ұлттық рухани байлықтың, ана тілінің нәрлі уызына жетіліп өскен. Міне, осындай ортада қалыптасып өскен бала ешқашан өзге жерде жүрсе де, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазбайтын рухты болып өсері хақ.
Намысын найзаға шаншып, күре тамыры Көк бөріден нәр алған, көк Тәңірге табынған Күлтегіннің біз секілді ұрпағына ағылшын тілін меңгеру қиын болмас. Оның нақты дәлелі іспеттес қазақ тілінде 42 әріп болса, ағылшындарда 26. Соқырға таяқ ұстатқандай айқындық емес пе?!

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы. Журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.