Мойынқұмдағы бақылау бекетінен 24 903 адам тіркеуден өткен

0 14

Қазіргі таңда Мойынқұм ауданы аумағында 1 ғана блок бекет қызмет атқарады. Меркі-Шу-Бұрылбайтал тас жолының 160 шақырымында орналасқан блок бекетте 6 полиция  және 4 медицина қызметкерлері тәуліктік ауысым арқылы жұмыс істеп тұр. Бұл туралы «ZhambylNews» АА хабарлайды.

Аталған блок бекет материалды-техникалық жабдықтармен жабдықталған. Ағымдағы жылдың 19 наурызынан бүгінгі күнге дейін санитарлық бақылау бекетінен өткен 24 903 азамат және 11 648 техника тіркеуден өтті.

Сондай-ақ, облыс аумағында жарияланған карантин бойынша Мойынқұм ауданы аумағында эпидемиялық індеттің алдын алу, болдырмау мақсатында барлық жеке құрам қызметкерлерін жұмылдыра отырып қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен нығайту, құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды.

Осы тақырыпта әлеуметтік желілерде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал  еріктілер халыққа індеттің қаупі жайлы толық ақпар беріп, жаднамалар таратты.

Әйткенменде, карантин режимін бұзған азаматтар табылмай қоймады. Қазіргі кезде аудан бойынша 115 дерек анықталған. Оның 5-уі әкімшілік қамаққа алынып, 48-не айыппұл салынған. Ал 30 азаматқа ескерту берілді және 32 құқық бұзушыға әкімшілік іс қысқартылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.