Сарысу ауданына қарасты Тоғызкент ауылындағы 120 отбасы қауын егіп, ата кәсіпті жалғастыруда. Сондай-ақ аталған елді- мекенде «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында толайым тірліктер атқарылуда,-деп хабарлайды «Zhambylnews»АА.
Жамбыл облысында ауылдарды дамыту алға қойған негізгі бағыттардың бірі. Әрбір елді-мекен заман талабына сай өркендеп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне бейім болуы қажет. Ел үкіметінің де алға қойып отырған мақсаты да осы.
Осыған орай облыс әкімі-Бердібек Сапарбаевтың 2020 жылғы 4 мамыр күнгі Жамбыл облысы аудандарымен бейне-селекторлық кеңестегі тапсырмасына сәйкес, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасын іске асыру бойынша Сарысу ауданынан «Үлгілі ауыл» жобасына Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Әбілда ауылы еніп, бүгінде біршама жұмыстар атқарылуда.
Аядай ғана Әбілда ауылында көптеген айшықты істер атқарылып келеді. Ондағы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы, көңіл-күйі жайдарлы. Ауылға кіре бергеннен тазалығы мен еңбекқорлықтары бірден көзге түседі.
Осы орайда Тоғызкент ауылдық округі әкімі Дархан Баймбетовтың таныстырған ауылдықтардың мемлекет қолдауын тиімді пайдалану барысында атқарған жұмыстары да көңіл қуантарлықтай.
Тоғызкент ауылында талайды тамсындырған толайым тірліктер атқарылуда. Ынтымағы мен бірлігі, берекесі мен тірліктері жарасым тапқан округтен «Үлгілі ауыл» байқауына қатысушы Әбілда ауылы да бар.
Қашанда жоқ деп алақан жаймай, нәпақаларын жерді өңдеп, ырыстарын маңдай тер тіршілікпен таба білген Тоғызкенттіктерді қалай мақтасақ та жарасады.
Түсірілім тобы осы жолы қарапайым заттар экономикасын дамыту бойынша Тоғызкенттіктердің тамсанарлық істеріне куә болды.
Кіре-берісте күннің ыстығына қарамай үй іргесіндегі жер телімдерін игерген және ауыл маңындағы көлтабандарына қауын еккен бағбандармен жолықтық.
Аталған ауылдық округтің әкімі Дархан Тобашұлы «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, таныстырды.
120-дан астам отбасы бір ауылдың кіре берісінен қауындық егіп, базарға шапқыламай бір ауылды толығымен қамтимыз деп отыр.