«Zhambylnews» ақпарат агенттігі кемеңгер, дана, ақын, замана тынысын «тамыршыдай» дәл баса білген суреткер, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай туралы 60 дерек» жобасын қолға алды. Жобаның мақсаты- білім мен бостандық жолындағы күрескер, ғұлама, «адам жанының философы» атанған Абайдың балалық шағынан бастап, өскен ортасы, шығармалары, поэмалары мен достары, өмір жолында түйген, түйсінген ой-пікірлерін ұрпақ санасына сіңіріп, жылдар өткен сайын дараланып, мәңгілік мұраға айналған туындыларын насихаттауға үлес қосу болып табылады. Ақпарат агенттігі өзінің оқырмандарына тамыз айына дейін абайтанушылар, ғалымдар мен зерттеушілердің мәліметтері, аңыз бен ақиқатқа құрылған 60 дерек ұсынатын болады.
1-дерек
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла
Абай
Алатау мен Алтай атырабы, ұлан-ғайыр қазақ даласы кемеңгер, ойшылдардан кенде болмаған. Солардың ішіндегі болмысы бөлек, танымы терең, бүтін бір ұлттың санасын жаңғырту жолында аянбай тер төгіп,сарқылмас мұра қалдырған-хәкім Абай Құнанбайұлы. Болашақ ақын, әдебиетші Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келген. Кішкентай Ибраһимнің дүниеге келуі туралы аңызға бергісіз мынандай деректер бар:
—Бірде әулие-әмбилерге құран бағыштап, қайтып келе жатқан Тұңғышбай Ешен әулие үйіне соқпай Жидебайға келіп, Құнанбайдың шаңырағына түседі. Құнанбай Ешен әулиеге арнап мал сойғызып, келу жөнін сұрағанда мырзаның өзі мен Зере шешесіне айтары бар екенін жеткізеді:
-Әзірет сұлтанға зиярат етіп, Бұқарадан қайтып келе жатқанымда Ибрагим атаның басына түнедім. Сол күні сізге қатысты ғажап түс көрдім. Түсімде осы Жидебайда мен көрмеген ғажап бір шың орнапты. Таңданып, бұл шың жоқ еді ғой деп жоғарыға қарасам, сіз бен семіз жеңешемді (Ұлжан) көрем. Сіз түрегеліп тұрсыз, ал жеңешемнің етегі әлгі шыңнан асып Шыңғыстауды
орап алған сияқтанды. Бұл ғажапқа одан бетер таңданып, шыңның ұшар басына көз салдым. Сіздің артыңыздан басы асқан бір жігітті аңдадым. Бірақ түрін көре алмадым. Тағатым қалмай үйге соқпай, сіздің шаңыраққа келдім,-дейді.
Мұны естіген Зере әже сол жерде ақсарбас шалып, етін жұртқа таратады. Ешен әулиеге бұл түстің бекер көрінбегенін ескеріп:
-Тұңғашқа Ыбырайым ата басында бұл түс тектен-текке көрінген жоқ. Келесі немеремнің есімін Ыбырай қой деген аян. Ешеннің қолы бос қайтпасын,-деп сый құрмет көрсетеді.
Кейін Абай Хан биігі атырабына келгенде «менің есімімді қойған осы Ешен әулие ғой» деп үнемі дұға жасайды екен.
Көп ұзамай, ел аузында әділдігімен аты шыққан Өскенбай бидің әулетінде, Құнанбайдың әйелі Ұлжан кішкентай сәбиді дүниеге әкеліп, оған «Ибраһим» есімі беріледі. Оны анасы «абайла, абай бол» деп «Абай» атап кеткен. Бұл есім кейіннен тарихқа енген.
Абайдың балалық шағы туралы деректер өте аз. Ұрпақтан-ұрпаққа тек ауызша жеткен. Абай.«Неизвестные истории» деректі фильмінде Ұлы ойшыл өзінің өмірге келген сәтін есіне сақтап қалғаны туралы айтылады.
Бірде Абай анасынан:
-Мен өмірге келгенде неге дүниенің бәрі қызыл-жасыл болды,-деп сұрапты.
1845 жыл. Семейден 110 шақырым жерде орналасқан сырт Қасқабұлақ маңы.Ұлжан толғатып жатқан кезде ауыл тұрғындары жүнді түтіп, қызыл-жасыл түске бояп, Қасқабұлақтың барлық жеріне іліп қояды. Абай өмірге келгенде, бірінші соны көрген екен.
Бұл-қоғам мен барша қазақтың үніне айналған дара тұлғаның балалық шағына қатысты деректер.
(Мәліметтер Абай.«Неизвестные истории» деректі фильмінен алынып, қазақшаға аударылды).
Гүлбаршын Құланбаева
«Zhambylnews» ақпарат агенттігінің бас редакторы