Жамбыл облысында этносаралық келісім мен құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда.
Осы орайда, 2025 жылы «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, өңір тұрғындарына бағытталған ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілді.
Аталған жоспарға сәйкес, Талас, Шу, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарының 24 елді мекенінде барлығы 91 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар 2 227 адамды қамтып, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, қоғамдағы этникалық және тілдік кемсітушілікке жол бермеу мақсатында жүргізілді.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес 16 тереңдетілген сұхбат, 3 әлеуметтік зерттеу, 17 ақпараттық-түсіндіру жұмысы, 31 кездесу, 3 семинар, 25 мәдени және спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Әлеуметтік зерттеулер мен сұхбаттар арқылы өңірдегі қоғамдық ахуалға терең талдау жүргізілсе, ақпараттық-түсіндіру шаралары азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталды.
Сонымен қатар, өткізілген мәдени және спорттық іс-шаралар этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, қоғамдық бірлікті арттыруға оң ықпал етті.
Жобаның басты мақсаты – қоғамда бейбітшілік пен келісім құндылықтарын дәріптеу, этносаралық татулықты сақтау және ел ішіндегі тұрақтылықты нығайту. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.