Бүгін qurban2020.kz сайты толықтай іске қосылды

0 0

Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биылғы жылы қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты бүгіннен бастап толықтай іске қосылды, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Ал, құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады. Кез-келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады. Бұл туралы бүгін «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте ҚМД басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев айтты.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым. пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық.

Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей: Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған.

Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:

1. Мұсылман болуы;

2. Ақылды және балиғат жасына толуы;

3. Құрбан айт уақтында жолаушы болмауы;

4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы; (Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша).

Пайғамбарымыз хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан алып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».

Алла Тағала разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қыл көпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қыл көпірден өтердегі өз көліктерің».

Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».

Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы – уәжіп.

Leave A Reply

Your email address will not be published.