Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері қандай?

0 12

Биыл арапа 30 шілде, құрбан айт мерекесі 31шілде 1, 2 тамыз күндері болып белгіленіп отыр. Ал, құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері қандай. Бұл жөнінде бүгін «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте ҚМД басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев айтты, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері қандай?

1. Қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдардың еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады.

2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.

Құрбандық шалған кезде төмендегі жәйттарға да назар аударған жөн:

— Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу

— Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару

— Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу

Құрбан шалу дұғасы: «Иә, Алла тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!» «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра әдейі бисмиллаһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді).

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді.

Құрбандық мал қалай бөлінеді?

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала- шағасына тиесілі. Дегенмен шалынған малдың етін түгелдей кедей- мұқтаждарға таратуға да болады.

Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қассаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз », – деді. Құрбандыққа шалынған малдың терісі кедейлерге, қайырымдылық қорларына беріледі.

Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шалады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе

бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

Дүниеден озғандардың атынан құрбандық шалына ма?

Кез келген адамның дүниеден озған туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне сауабын бағыштау ниетімен құрбандық мал шалуына болады. Бірақ мойнына құрбандық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс. Бұл жерде мына мәселеге де басты мән беру керек: егер қайтыс болған кісі өз атынан арнайы құрбан шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, бұл құрбандық осы айт күндері шалынуы тиіс. Құрбандық шалған адам оның етін жей алмайды. Оның етін толығымен таратуы керек. Егер қайтыс болған кісі арнайы өсиет етпей, бірақ сөйте тұра оның артынан қалған дүние-мүліктен алынып құрбан шалынса да оның үкімі әлгіндей болады. Ал марқұм өсиет етпеген, бірақ сіз ізгі ниетпен өз қаражатыңызға мал сатып алсаңыз оны құрбан айт күні, немесе басқа кез келген уақытта шалуға болады. Мұндай құрбандықтың етін жоқ жітікке таратуға да өз отбасыңызға да қалдыруға болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.