Kaspi.kz компаниясы облысқа 10 жедел жәрдем көлігін берді

0 1

Бүгін Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясында Kaspi.kz компаниясы 10 санитарлық автокөлікті облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына сыйға тарты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Еліміз бойынша Kaspi.kz пандемиямен күресу үшін 100 жедел жәрдем көлігін береді. Емханалардың мобильді топтарына арналған медициналық көліктер отандық өндіруші «СарыаркаАвтоПром» компаниясы Chevrolet Damas моделі негізінде және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің техникалық ұсыныстарына сәйкес шығарылған.

— Денсаулық сақтау жүйесіне жүктелген ауыртпалықты бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан біздің команда пандемиямен күресудің алдыңғы қатарында тұрған дәрігерлерге көмек көрсетуді бірінші кезектегі міндет етіп қойды. Біз дәрігерлер мен Денсаулық сақтау министрлігінің автомобильдердің толық жиынтығына қойылатын талаптарын зерттедік, жедел түрдегі жедел жәрдемге техникалық талаптарды жасадық, — дейді Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким.

Сыйға тартылған көліктердің бір ерекшелігі мұндай қиын кезде аса қажет ететін ИВЛ апараттары орналастырылған. Мұндай игі іс жасаған демеушілерге Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы алғысын білдірді.

— Бұл көліктер өз кезегінде індет жұқтырған адамдарға, жалпы науқастарға жедел жәрдемнің келуінің сапасын жақсартып, науқасқа келу уақытын азайтады. Енді көліктер облыстағы жедел жәрдем станцияларына берілетін болады. Осындай игі іс жасап жатқан Kaspi.kz компаниясы мен «СарыаркаАвтоПром» компаниясына алғысым шексіз, — деді Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.

Компания  «СарыаркаАвтоПром» автоөндірушісімен бірге шетелде емес, Қазақстанда қажет нәрсенің бәрімен тез жабдықталатын үлгіні таңдаған. Мұндай көліктердің жалпы құны 1 миллиард теңгені құрап отыр.

— Kaspi.kz критерийлерін, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарын басшылыққа ала отырып, жедел жұмыс жағдайында өте қажет көлік құралы таңдалды. Қазіргі жағдайды ескере отырып, біз қысқа мерзімде науқастарды тасымалдау үшін көлікті  барлық медициналық және санитарлық  жабдықтармен жабдықтадық, — дейді «СарыарқаАвтоПром» директоры Сырым Семейбаев.

Аймақта жедел жәрдем шақыртулар саны тәулігіне — 1239 құрап отыр. Бұл салыстырмалы түрде 11,4% төмендеген. Оның ішінде КВИ індетімен 2 есе, пневмониямен шақыртулар 2,4 есеге төмендеген. Ал, қазіргі таңда облыста 139 топ жедел жәрдем қызмет көрсетуде. Айта кетейік, өңірге тағы дәл осындай 18 көлік әкелінетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.