Дертінен құлан таза айыққан сотталғандар дәрігерлерге алғысын арнады. Әлемді шарпыған пандемия өкінішке орай түзеу орындарын да айналып өтпеді. Жаппай болмаса да бірең-сараңы жұқпалы дертке шалдығып, ем қабылдады. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін түзеу орнында қажетті шаралар дер кезінде қабылданды. Дене қызуы көтеріліп, ауру белгілері анықталған пациенттер оқшауланып, карантинге жабылды. Вирустың ауыр түрімен ауырып, балтыры сыздағандарға дер кезінде жанына дауа, дертіне шипа болған ақ халатты абзал жандардың еңбегі айрықша. Олар күн-түн демей отбасынан жырақта жүріп, науқастардың жанына араша бола білді. Инфекциялық вируспен күресіп, барын салып емдом көрсетті. Осыған орай, дәрігерлердің бақылауымен стационарда болып дертінен құлан таза айыққан бірқатар жазасын өтеушілер медициналық қызметкерлерге кәсіби қызметі мен көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс айтты. Жүрекжарды лебізін өлеңмен өрнектеп, ұшқыр қиялына қанат бітірді. Олардың айтуынша, «Ақ халаттыларға деген құрмет екі есе арта түсті. Жанымыздан бір елі алыстамай үнемі жағдайымызды бақылап отырды. Тек дәрі егіп қана қоймай, психологиялық қолдау көрсетті. Бұл тұста ЖД-158/7 мекемесінің басшылығына, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті медициналық қамтамасыз ету тобының бас маманы әділет майоры Ерлан Әбдібай, сондай-ақ әділет майоры Бегжан Асанов басқарып отырған медициналық бөлімге шынайы ризалышық пен алғысымызды білдіреміз» десті.