«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Осы орайда аудан басшысы Бақытжан Жақсылықовтың «Үлкенге құрмет- кішіге ізет» деген сөзді нық ұстанған азаматтың игілікті ісі кейінгілерге үлгі боларлықтай.
Осындайда «құрыштан құйған құдірет, қарттарым, аман-сау жүрші» дейтін аудан әкімінің қарияларға құрмет көрсетуді басты парызым деп білетінін әркез аңғарып жүрміз. Әрқашан ақсақалдардың ахуалын жасауға тырысып бағатын іскер азаматтың жарқын келбеті жанымызды елжіретеді.
Бүгінгі әңгімемнің арқауы да сол аудан әкімінің ауданда атқарып жатқан жұмыстарын көзбен көріп, көңілге түйгендерім жайында болмақ.
Бүгінде 23 мыңға жуық халқы бар қаламыз күн өткен сайын жасарып, жаңаруда. 51 жылдық тарихы бар екі ширек ғасырды артқа тастап, Тәуелсіздіктің жемісімен көркейіп келе жатқан Жаңатастың бүгін, міне, көркіне көрік қосылуда.
Біріншіден Бақытжан Алпысұлы ауданға атбасын бұра салып, халық үніне құлақ асуды жолға қоя білді. Елмен етене араласып, олардың мұң-мұқтаждықтарына құлақ асты.
Оның айғағы талай жылдар бойы айтылып келе жатқан жарық мәселесі қолға алынды. Бүгінде шағын аудандар арасында емін-еркін жүруге болатын дәрежеге жеттік. Қауіпсіз қалаға айналдық десек те болады.
Қыс ауасы бізде солтүстік аймақтағыдай емес, ол жақпен салыстырғанда біздікі едәуір жылы. Сондықтан өлкемізде қардан гөрі жаңбырдың жиі жауып жатқанын көреміз. Осы жаңбырдың жиі жаууы, қардың тез еріп кетуі салдарынан жер айнала батпақ болып, көліктер мен жаяу жүргіншілерге қиындық тудырып жататыны жасырын емес.
Сонымен қатар басқа да жобалар жүзеге асуда. Ал, менің айтпағым аудан басшысына ағалық алғысымды білдіргім келеді. Менің тұрғылықты үйім қала шетінде орналасқандықтан, асфальт жолға дейінгі екіаралыққа жеткенше отбасымызда немере, келін қалаға күнделікті қатынағандықтан күннің жауын-шашынды кезінде қиналып қалатынбыз.
Елдің келбетін келістіретін де, әлеуетін айқындайтын да маңызды бір сала-жол. «Азаматын көріп, елін таны» деген аталы сөз бар. Жолына қарап та біраз нәрсені аңғару қиын емес.
Шынында да кез келген сапар алдында жолаушы да, жүргізуші де тиісті талаптарды ескермесе, келеңсіз жағдайға тап болуы ғажап емес. Әсіресе ақ қар, көк мұз болатын қыс мезгілінде сақтық шараларын барынша ескерген абзал.
«Жол азабын жүрген білер» демекші сәтті күнін күтіп жүрген едік. Сол күн Бақытжан Жақсылықовтың септігімен жүзеге асты. Құмшағал төселіп, отбасымызбен қуанышқа бөлендік.
Тастанбек Әзімбайұлы,
Жаңатас қаласының тұрғыны, зейнеткер