Бағдарламаның басым бағыттары түсіндірілді

0 13

Бүгін Шу аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Нұржан Қадырбеков, Тоғжан Мұсаева және Оралхан Умаров ​тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың ұзақ мерзімді бағдарламасын талқылау үшін аудандық электр желілері мекемесінің қызметкерлерімен кездесті, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Басқосу барысында тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты түйткілдер түгел қамтылып, партияның сайлауалды бағдарламасы да жан-жақты түсіндірілді.

Айта кету керек, аудан орталығы саналатын Төлеби ауылындағы көгілдір отынға қатысты мәселе әлі күнге дейін тұрғындар үшін мазасыз мүйіске айналып отыр. Дәлірек айтар болсақ, мердігер «Париев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үйге газ кіргізудің құнын тым шарықтатып жібергендіктен, тұрғындардың басым бөлігі көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді. Аталмыш мәселені көтерген мекеме қызметкерлері газға қатысты түйткілдің оңтайлы шешімін табуды сұрады.

Бұдан бөлек, аудандағы кейбір ауылдарда ауыз суға қатысты қалыптасқан мәселелер де кездесу барысында айтылды.Өз кезегінде Нұржан Қадырбеков саяси науқан аяқталған соң көптеген мәселелер оңтайлы шешілетіндігін жеткізді.

​Аудандық электр желілері мекемесінің қызметкерлері өңіріміздегі жарықтандыру мәселесін де көтерді.

Олардың айтуынша, аудандағы электр бағаналары мен трансформаторлардың басым бөлігінің тозығы жеткендіктен тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлерге жарық беру кезінде бірқатар олқылықтар орын алады екен. Сол себепті осы мәселені де назарға алуларын сұрады.

Ал, үміткер Т.Мұсаева мен О.Умаров жастардың жұмыспен қамтылу мәселесін және зейнет жасындағы адамдардың еңбекке қабілеттілігі туралы сөз қозғап, мекеме қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының арқасында ұзақ жылдар бойы ескі үйлердің техникалық күйін жақсартуға бағытталған жоспарлы жұмыстар сәтті жүзеге асып келді. Шу ауданындағы көпқабатты үйлердің де басым бөлігі өткен ғасырда бой көтергендіктен, қазіргі таңда кейбір ғимараттардың салынғанына жарты ғасырдан асып кеткен. Демек, оның басым бөлігі күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді. Бұл ретте жоғарыда аталған бағдарламаның көмекке келетіні айтпаса да түсінікті. Тек, жергілікті тұрғындар бұл бағдарламаға ерекше мән беріп, коммуналдық мәселелерді дер кезінде ретке келтіріп отырса болғаны.

Міне, кездесу барысында депутаттыққа үміткерлер аталған мәселелерді тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жоспарлы түрде жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға уағдаласты. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлерін алдағы саяси науқанда белсенді болуға шақырды.

«Nur Otan» партиясы Жамбыл облысы Шу ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.