Бүгін «Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Дәулеткерей Кәпұлы мен Бахаргүл Төлеген және Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттығына үміткер Болат Сейсенов елорданың «Нұрбесік» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті, — деп жазады “ZhambylNews” АА.
Жұрт алдында қоғам белсендісі, «Асар» республикалық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан сөз алды.
«Қазіргі 5 партияның ішінде «Қандасым-қамалым!» деген тұғырнамамен қандастар мәселесіне ерекше назар аударып отырған «Ауыл» партиясы», деді ол.
⠀
Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Дәулеткерей Кәпұлы қала іргесіндегі ауылдардың мәселесі күн сайын өршіп келе жатқанын айтты.
«Біз астана іргесінде қандастар тұрып жатқан «Нұрбесік», Алматыдағы «Байбесік» тағы басқа облыс, аудан орталығы іргесінде орналасқан осындай тұрғын алаптарының мәселесіне Үкімет назарын аударуын талап етеміз. Қандастар мәселесі «Ауыл» партиясының әркез назарында», деді ол.
⠀
«Нұрбесік» тұрғындары «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасын қолдайтындарын білдіріп, кандидаттарға алдағы сайлауда сәттілік тіледі.