«Қазақстан кеңес одағынан жерді жалға алған». Ресейдің дума депутаттары елімізге қатысты осы сарында пікір білдіруді тоқтатар емес. Никонов бастап берген шуды іле-шала өзге әріптестері іліп әкетті. Еліміздің сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілін шақырып, нота тапсырған болатын. Алайда бұл шараның өзі шыбын шаққандай болмапты. Бұл бір топ азаматтың көксегені не? Аттарын шығарып, арзан атақ жинаудың кезекті қадамы ма?
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Zhambylnews.kz AA.
Саяси астармен сөйлеу ойыны осы бағдарламада басталған еді. Ресей парламентінің депутаты Никонов «Қазақстан аумағы — Ресейдің берген үлкен сыйы» деп мәлімдеген еді. Кейін ойымды дұрыс жеткізбедім деп ақталғанымен, оның әріптестері идеясын қолдай жөнелді.
«Қазақстан қазіргі территориясын Кеңес Одағынан жалға алған. Кездейсоқ жағдайда 100 пайыз жерді алып кеткен. Кеткілерің келе ме? Жақсы. Заттарыңды жинап, жерді беріңдер де кетіңдер. Ал олар бізге айтатын шығар баратын жеріміз жоқ деп. Біздің бұл проблемаларыңа қандай қатымысыз бар?», — деді Ресей Федерациясы мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров.
Еліміздің сыртқы істер министрлігі мұндай пікірлерден кейін Ресей елшісін шақырып, нота тапсырды. Бұл ресми дипломатиялық жолдау. Бұдан аңғаратынымыз былайғы уақытта біздің билік көрші елдегі тентек саясаткерлердің еркелігін көтеруге құлықсыз.
Алайда ведомствоның құжатын Жириновский бастаған бір топ, БАҚ өкілдерін жинап мазақ етті.
«Ол жақ Ресей жерлері. Орал, Семипилатинск, Петропавл. Қазақстанның қандай қатысы бар? Қазақ тайпалары Орталық Азияда көшіп жүрген. Қазақ, қырғыз, қарақалпақтар араласып жатқан. Шекаралары болмаған. Оны бекіткен кеңес билігі», — деді Владимир Жириновский.
Кім кімге қарыздар деген тақырып Ресей қоғамында әлі де талқыланып жатыр. Жоғарыда сөйлеген шешендерді Максим Шевченко сияқты тарихшылар өткенді білмейтін дилетанттар деп атады.
«Қазақстан Кеңес Одағының бөлініп қалған бір бөлшегі емес. Қазақстан Түркі әлемінің бесігі. Ол солай болған және бола береді де. Бұл жерлердің түп иесі қазақтар. Сондықтан түркі әлемінің дамуы бізге орыс халқына өте пайдалы. Ашығын айтқанда сіздердің өркендеулеріңіздің Ресей сияқты көрші елдерге берері мол», — деді Максим Шевченко.
Бұл тақырыпқа орай еліміздегі орыс ұлтының өкілдері Никонов, Федоров сияқты көрші мемлекеттердің депутаттары үшін ұялатындарын жеткізді.
«Өздерін саясаткер деп санайтын азаматтардың бұл сөздері үшін ұяламын. Себебі, мұндай пікірлер мемлекетаралық және ұлтаралық байланыс пен достықтың дамуына оң әсер етпейді. Осылай жеңіл сөйлегендер тарихты, қарым-қатынасты білмейтін болып тұр. Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Барлығымыз тәуелсіз елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатырмыз», — деді қоғам белсендісі Игорь Шацкий.
Отандық саясаткерлер де үнсіз қалмады. Бауыржан Байбек бұл атын шығара алмай жүрген шолақ белсенділердің арзан хайпы деп баға берді.
«Хайптың уақыты. Мен мысалы көп депутатарды біле бермеймін. Осы азаматтардың атын бұрын естіген емеспін. Олар осындай хайп арқылы жеке осындай сөздері арқылы танымал болып жатыр. Енді Жириновскийді білеміз, оның пікірі. Бірақ осыған ешқандай негіз жоқ», — деді Байбек.
Саясаткер Дос Көшім бұл қазақстандық қоғамның реакциясын білу үшін жасалған қадам деген пікірде. Министрліктің осы сәтте үнсіз қалмай нота жолдауы, біздің елдің позициясын анық байқатса керек.
«Менің ойымша бұған жүрдім-бардым қарап қажеті жоқ. Бұл саясатқа өзіміздің көзқарасымызды ашық айтуымыз керек. Сондықтан біз осы мәселені қалай қабылдағанымызды Ресей Федерациясының басшылығына көрсетпесек, бұл әрі қарап айтыла береді», — деді Дос Көшім.
Ресейлік депутаттардың кезек-кезек көлгірсуі елбасының да назарына іліккенге ұқсайды. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік күні қарсаңында мынадай үндеу тастады.
«Біз Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз. Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз. Бұл ата-бабамыздың аманаты. Бабадан мирас болған қастерлі жерімізді сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету бәріміздің асыл борышымыз», — деді елбасы.
Қазақстаның шекарасы 5 мемлекетпен шектеседі. Барлық елмен делимитация жасалған, яғни шекарамыз анықталып құжат күйінде бекітілген. Сондықтан, Никонов сияқты бұлбұлдар қанша сайраса да, өткен күнді аңсаса да бәрі бекер әурешілік екені анық.