«Шайдана» командасы облыста бірінші тұр

0 10

Спортпен шұғылдану – салауатты өмір салтының негізі, денсаулықтың кепілі. Мемлекетіміз осы тұрғыда бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беруде. Халықтың спорттық нысандар мен шағын футбол алаңдары және спорттық үйірмелердің көбейуі туралы ұсыныстары бүгінде қаперге алынып, Жамбыл ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Ауданның спорт саласындағы жетістігі орасан. Аудан бойынша 41 шағын футбол алаңы, 21 балалар ойын алаңы мен 16 жаттығу алаңшасы бар. Әйтсе де, футбол алаңында жаттығып жүрген спортшылардың аудан атын облысқа танытып жүргені шамалы. Әсіресе, тақырып кіші және үлкен футбол турнирлері аясында болса, таңдайға талғажау ететін жетістіктер арагідік. Дегенмен ауызбіршілігі бекем, спортқа ерекше көңіл бөлетін елдімекендер бар. Мысалға, Бірлесу-Еңбек, Бесжылдық, Шайдана, Қаракемер, Ащыбұлақ ауылдары кез келген турнирлердің басы-қасынан табылады. Соның ішінде 750-ге жуық тұрғыны бар Қарасу ауылдық округіне қарасты Шайдана ауылы аудандық және облыстық додаларда ауданның атын асқақтатуда. 

Өткен жылға бас сұқпай ағымдағы жылдың өзінде Әділ Байұзақов жетекшілік ететін «Шайдана-Алмаз» командасы теңбіл допты ұршықша иіретін Жамбыл облысының әуесқойлар футбол лигасының кестелік тізімінде көш бастап тұр. Бүгінде 13 кездесу өткізген аудан мақтаныштары қарсылас біткенді қапы қалдырып, 33 ұпаймен алдыңғы шептен бой түзеді. Аптаның сенбі, жексенбі күндері «Тараз-Арена» әмбебап спорт кешенінде өтетін облыстық лигаға 48 команда қатысып, екі ай бойы айналмалы жүйеде бақ сынасуда. Екі топтан ең көп ұпай жинаған төрт команда іріктеліп алынып, өзара мықтыны анықтап, лиганы қорытындылайтын көрінеді.

– Енді 5 маңызды кездесуіміз бар. Егер екінші айналымды жоспардағыдай орындасақ, екі топтан іріктеліп алынған командалармен жүздесеміз. Биыл алға қойған мақсатымыз – бірінші орынды иелену болып отыр. Жастардың дайындығы өте жақсы. Барлығы жергілікті мекеннің ойыншылар. Өткен жылға қарағанда көрсеткіш көңіл көншітеді. Оның үстіне ауданымыздың өзінен 6 команда қатысқаны басқа өңірлермен салыстырғанда басымдылыққа ие. Бұл ауданның спортқа деген ыждаһаттылығын көрсетіп тұрса керек. Көбіне жаттығуды «Шайдана-Алмаз» спорт кешенінде өткіземіз. Жастардың тұрақты түрде спортпен айналысуына аудан әкімі Сәкен Арубаевтың көп көмегі тиді. Сиқы құрып, жасанды төсеніші ескірген алаңшаның жағдайы туралы ашық хатты ауыл жастары аудан басшысына өткен жылдың жаз айында тікелей жолдағаны бар. Сонда жастардың өтінішін назарға алған Сәкен мырза кешенге арнайы келіп, жағдайын көзбен көріп кеткен болатын. Араға апта салып, сапалы төсенішті тағы бір қайтара төсеп бергені жастардың спортқа деген ынтасын арттыра түсті. Соның нәтижесінде жаз, күз айларында үзбей жатыққан аяқдопшылар, облыстағы адуынды командаларға тойтарыс беруде. Әрине жетістік дайындықпен келетіні сөзсіз. Дегенмен дайындалу үшінде алаңның мүмкіншілігі жақсы болуы керек. Сол үшінде аудан басшына жастардың айтар алғысы шексіз, – дейді команда бапкері Азамат Құрбанов.

Ал жергілікті аяқдопшылардың еңсе тіктеуіне кіндік қаны тамған өлкесіне маңдай терінде тамызып жүрген кәсіпкер Әділ Байұзақовтың еңбегі өлшеусіз.

Сондай-ақ Жамбыл ауданының абыройын тасытып жүрген аяқдопшылардың бәсекесін тікелей көрсетілімдегі «YouTube» каналынан ал, команда ұпайларын «www.tarazllf.kz» сайтынан көруге болады екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.