Тазы жүгіртіп, құс салған

0 10

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұлттық құсбегілік өнерді, атқа міну мәдениетін дамытып жүрген өрнектік құсбегі Бауыржан аға Ешметовтің қазақы болмысын тағы бір танып қайтқанбыз.

Бауыржан ағаның негізгі кәсібі – шопырлық. Ұзақ жыл «темір тұлпардың» рулін ұстаған. Бұрынғы Крупская атындағы ұжымшардың белді жүргізушісі болған. Ал құсбегілік өнер – ата кәсібі. Атасы Тұрғанбай, әкесі Ешмет те ит жүгіртіп, құс салған, құралайды көзге атқан мергендер еді. Нағашы атасы Әзімбет те, оның бауырлары Бегімбет, Нарымбет, Күнімбай да құсбегілік өнерден сырт қалмаған.

Баукеңді әкесі 43 жасында көрген. Сондықтан Ешмет қария оны құсбегілік өнерге оқушы кезінен баулыған. Жалғыз ұлының елден жырақ кетіп қалмай, ауылда болғанын қалаған. Баласына 6-сыныптан бастап құсбегілік өнерді жанын салып үйреткені де сондай мақсаттан туған. Алатау мен Қаратау бөктерінде, Бетпақдаланың алыс түкпіріне дейін барып аң-құс аулады. Барлық аң-құстың етінен дәм татқан. Талайға арман болған ұлар құстың етін де жепті. Таутеке, арқар, елік, бөкендер де мерген Бәкеңнің мылтығынан құтылып кеткен емес.

Баукең құсбегі ғана емес, ауданға белгілі көкпаршы да. Бейнелеп айтқанда – ұлттың ұлы. Бәкең ата кәсібін үзбей жалғастырып келеді. Ұзақ жыл облыстық құсбегілер құрамасының аға жаттықтырушысы болды. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде құсбегілікке арналған үйірмені басқарды. Құсбегілік өнер бойынша спорт шебері атағын қорғаған. Еңбегінің қайтарымы сол, шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жүр.
Бауыржан ағаның төрт ұлы – Нұржан, Ержан, Сержан, Мейіржан барлығы да тазы жүгіртіп, құс салады. Ержан – құсбегіліктен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Нұржаны – Жамбыл ауданында құсбегілік бойынша жаттықтырушы. Ал, немерелері Тұрнияз, Шернияз құсбегілік өнерге бейімделіп өсіп келеді. 8-сынып оқитын немересі Ғазизхан – ең жас құсбегі. Барлық немересі құсбегіліктен ел чемпиондары. Тағы бір немересі Кәусар да бүркіттің әр қадамын бақылауға құмар. Атқа мініп, аңға шығатыны бар. Қысқасы, бұл әулеттің үлкен-кішісі түгел құсбегілік өнерді серік еткендер. Бауыржан Ешметовтің «Үкіліқара», «Ботақара» деген бүркіт­тері, «Сары жебе», «Тұн­жыр» атты қаршығасы респуб­ликалық құсбегілер байқауында жүлделі орындардан көрініп жүр.

Осынау қасиетті құстардың бабын табу да оңай емес. Олар таза ет жейді. Құсбегінің екі бүркіт, бір қаршығасының тамағы мемлекеттің есебінде. Мұнда ителгіні де көрдік. Күніне әр құсқа жазда бір келіден, қыста жарты келіден қойдың еті қарастырылған. Бірақ, құсбегі қыркүйек айынан бастап қыран-бүркіттерін тамақтан қысып, ашықтыра бастайды екен. Құстарды бабында ұстау үшін етті 3-4 рет жуып, қансыз ақжем етіп береді. Тамақты тоя жей берсе, құстың бітімі бұзылады екен.

Бәкең құс өсірумен ғана шектелмейді. Қорасында бірнеше айғыр кісінеп тұр. Кез келгенімен аңға шығып, көкпарға бара беруге болады. Нағыз қазақ деп осы Бауыржан Ешметұлын айтуға болатын шығар. Бұл ауладан қазақ ұғымында «Жеті қазына» деп аталатын қазынаның барлығын кездестірдік. Құсбегінің жары Сейтін жеңгеміз де ширақ, әлі де қолғабыс беріп, немерелерінің бір жағында жүр. Айтпақшы, Баукең бір жылдары дүниежүзілік құсбегілердің фестиваліне қатысып қайтқаны бар.

– Бүркіттер негізі жүз жылға дейін жасай береді. Бірақ біз балапан кезінен таудан, таудың қия құздарындағы ұядан аламыз. Қыран баласын екі айда ұшырады. Біз сол 50-55 күндік балапанды ұстап әкетеміз. Негізі, 3 жастағы жас бүркітті ұстап қолға үйрету тиімді. Себебі, балапаны қопалдау болады. Ал, қыранның өзі баптаған жас бүркіттер ширақ қимылдайды. Жас бүркітті қанат, құйрығының астындағы ақ жүнінен ажыратуға болады. Егде тартқан сайын ақ жүні қара түске айнала береді. Әр бүркіттің 3-4 жерде ұясы болады. Олар да сақ. Құсбегілерді шатастыру үшін ұяларын ауыстырып, із жасырып отырады. Құсбегілік үшін талай рет жанымызды шүберекке түйдік. Сонда «Бүркіттің баласын ұстап әкел» деп қинап тұрған ешкім жоқ. Өзіміздің құмарлығымыз. Қыран құсты ұстау оңай емес. Біз арнайы құстың орнын жасақтадық, ішіне пешке дейін орнатып, жылылап отырмыз. Бүркітті шамамен 12-13 жыл ұстап, онан соң тауға апарып, ұшырып жібереміз. Өзінің табиғатымен өмір сүрсін дейміз. Сонша жыл баптаған құсыңды қимай да қаласың. Бірақ, амал жоқ. Еркіндікке ұшырып жібермесек, обалына қаламыз. Жас бүркіттердің бабын жасау оңай емес. Оларды аңға салған сайын шеберлігі артып, шыңдала түседі. Алайда, бір жарысқа қатысу үшін 350 мың теңге көлемінде қаражат кетеді. Құсбегінің арнайы шапаны, етігін тігу де назар аударуды қажет етеді. Соны спорт саласының басшылары, жауапты кісілер сезінсе, түсінсе дейміз. Жамбыл өңірінде де бүркітшілер жарысы жиі өтіп тұрса деген тілегім бар. Жас бүркіттер жарыс тілеп тұрады, – дейді белгілі құсбегі, көкпаршы, Бауыржан аға Ешметов.

Ит жүгіртіп, құс салу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Олай болса, «Ұлттың ұлы» атанған Бауыржан ағаға қолдау керек. Өйткені, далада жүріп аң аулау 73 жастағы құсбегіге оңай емес. Әйтсе де, әлі де аттан түспеген ағамыз немерелерімен бірге биылғы қыстың өзінде құс салып 15 түлкі, 40-50 қоян, 10 қарсақ, 2 қасқырды ұстап, қанжығаларын майлапты.

Біз, ұлттық құндылық­тары­мызды ұлықтау жолында бекзат өнерімізді өркендетіп жүрген Бауыржан ағаны мақтан тұтуымыз керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.