Ересектер мен жасөспірімдерден құралатын медиация орталығының идеясы – жанжалдасқан тараптардың дауларын шешу арқылы татуластыру болып табылады. Байзақ ауданы Түймекент ауылдық округінде орналасқан Түймекент орта мектебінде медиация кабинеті ашылды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Қоғам дамуында экономикалық, ұлтаралық, әлеуметтік шиеленістің өсуіне байланысты даулы тараптар арасындағы өзара қарама-қайшылықтарды тиімді шешу жолында мектепте медиация кабинетін ашу жұмыстары ауданда өз жалғасын табу үстінде.
Енді медиаторлар ата-ана мен бала, мұғалім мен оқушы арасындағы түсініспеушіліктердің түйінін дер кезінде тарқатып отырады.
Алдымен дөңгелек үстелде орта мектептер директорларының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, бұған дейін білім беру орындарында ашылған медиация кабинеттерінің жетекшілері мен хатшылары, Түймекент орта мектебінің ұжымы мен қоғамдастық мүшелері бас қосты. Онда медиация қызметінің үйлестірушісі, координатор Жарас Дүйсенбаев мектептегі медиация қызметінің жоспарымен таныстырып шықты.
Отырыс барысында медиация қызметіне байланысты бейнероликтер көрсетілді. Жиынды ашып, жүргізіп отырған Түймекент орта мектебі директорының уақытша міндетін атқарушы Индира Спаналиева:
«Медиация кабинеті мектеп ішіндегі дау-жанжалдарды ушықтырмай, сотқа дейін жеткізбеу үшін құрылды. Мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып тәрбиешісі, психолог, әлеуметтік педагог, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, яғни, конфликтология ілімінен белгілі бір дәрежеде хабары бар мамандар жұмыс істесе де, өмірде көрген-түйгені көп, білімді, байыпты азаматтарды медиаторлар рөлінде көргіміз келеді. Ең бастысы — мәселені ушықтырмай, қарсы тараптардың пікірлерін тыңдап, үшінші бейтарап көзқараспен шешу өте маңызды» — деді.
Ал, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторы, аудандық медиаторлар қауымдастығының төрайымы Ғайни Көшекбаева медиация төрелігі мен сот — медиациясы жұмысының айырмашылығы жөнінде былай деді:
— Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сот ғимаратында ғана емес, мектептерде де медиация кабинеттері біртіндеп ашылып жатыр. Себебі, медиаторлар – оқушы, мұғалім, ата-ана арасындағы дауларда қарсы тараптардың пікірін тыңдап, үшінші жақтан төрелік айтып, жағдайды реттейді, — деп атап өтті.
Бұдан соң Түймекент ауылдық округі Билер кеңесі төрағасының орынбасары, медиация кабинетінің төрағасы Күнтуған Ақназаров, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының заңгері Бағдат Молдағалиев, білім бөлімінің әдіскерлері Зәуреш Сатылғанова, Разия Сабитбекова, ата-аналар комитетінің төрайымы Айман Тыныбекова мектепте ашық пікір алаңын жасау өте маңызды екендігін айтты.
Сондай-ақ дөңгелек үстел қатысушылары медиация кабинетінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Кабинеттің лентасын Түймекент ауылдық округі Билер кеңесі төрағасының орынбасары, медиация кабинетінің төрағасы Күнтуған Ақназаров пен аудандық медиаторлар қауымдастығының төрайымы Ғайни Көшекбаева қиды.
Салтанатты шарада мектептегі медиациялық қызмет жайында өзара пікір алмасып, ой бөліскен қатысушылар соңынан естелікке суретке түсті.
Айта кетейік, бүгінге дейін бұл аудан бойынша мектеп қабырғасынан ашылып отырған төртінші медиация кабинеті болып саналады. Алдағы мамыр айының соңына дейін Ғазиз Байтасов атындағы тірек мектебі мен Мырзатай орта мектебінде медиация кабинеті ашылады деп жоспарланып отыр.