Т.Рысқұлов ауданында биыл Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдары таза ауыз суға қосылып, тіршілік нәрімен қамтылатын болады, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Т.Рысқұлов аудандағы 42 елді мекеннің 26-да бұрын ауыз су жүйесі болған. Оның ішінде 17-і орталықтандырылған, 9-ы ескі су жүйесі. Ауыз су жүйесі жоқ 16 елді мекеннің 4-іне (Әбжапар, Жарлысу, Бәйтелі, Тасшолақ) өткен жылы жаңа ауыз су жүйесі жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың айтуынша, ауыз су жүйесі ескірген 9 елді мекеннің 3-іне өткен жылы жаңа ауыз су жүйесін тарту жұмыстары басталған. Биыл Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдары таза ауыз суға қосылып, тіршілік нәрімен қамтылатын болады. Сонымен қатар, Құлан ауылында ауыз су имараты мен жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
5 елді мекенге жобалық-сметалық құжат дайындалып, бюджеттен қаржыландыру жұмыстары биыл жүргізілмек. Қалған 8 ауылдың халық санының тиісті нормадан аз болуына байланысты экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылғанымен, бұл ауылдардағы ауыз су мәселесін мембраналық қондырғы орнату арқылы шешпек. Ал Сәлімбай, Қазақ, Сәбденов ауылдарына жобалық-сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолдау жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде Жаңатұрмыс ауылының ауыз су жүйесін жүргізуге әзірленген жобалық-сметалық құжатқа сараптаманың оң қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім жолданыпты.