Чернобыль АЭС-ін залалсыздандыруға қатысқан құландықтарға құрмет көрсетілді

0 5

Биыл Чернобыль атом электр станциясындағы ядролық апаттың орын алғанына – 35 жыл. Сол кезде батылдық жасап, бауырлас халыққа қол ұшын берген азаматтардың ерлігін жасұрпақ мәңгі есте сақтауы керек. Осы мақсатта Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Чернобыль АЭС-ін залалсыздандыруға қатысқан құландықтармен кездесу өтті, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

«Чернобыль апатының жаңғырығы әлі естіледі» деген атпен өткен басқосуға Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, Ербол Тойбаев, Алимгазы Қалиев сынды Чернобыль ардагерлері қатысты. Сондай-ақ, олармен жүздесу үшін аудан жастары мен Құлан Агротехникалық Жоғары колледжінің студенттері де қатысты.

Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан мыңдаған біздің отандастарымыздың ерлігі мен жігері болмаса, апаттың ауқымы одан да үлкен болуы ықтимал еді. Олар өмірлерін, денсаулықтарын пида етіп, өз борыштарын орындады, адамдарды радиацияның зиянды әсерінен қорғады, радиацияның әрі қарай тарауына тосқауыл болды. Апаттың ізін суытпай жасалған және одан кейінгі жылдары жүзеге асырылған төтенше шығынды шараларға қарамастан өздерін құрбан ете отырып, Чернобыль апатының зардабын жоюға 800 мың адам, соның ішінде 32 мың қазақстандықтар қатысқан. Сол апатты оқиғаның куәгерлеріне жастар көкейдегі сауалдарын қойып, апат салдарынан қаза тапқан қаһармандарды үнсіздікпен еске алды.

Бұдан кейін апатты көзімен көрген қаһармандар оқиғаның өрбуімен бөлісті.

Аудан жастары батыр ағаларына жүректен шыққан өлеңдерін оқып, әндерін арнап, күй тартып, сыйлықтарын табыстады. Жастар мен Чернобыль апатына қатысушылар өз ойларын білдіріп, жарқын болашақ, ел-жұртқа тыныштық тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.