Ақшолақта «Тәуелсіздікке 30 жыл» саябағы ашылды

0 2

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында, Жаңатұрмыс ауылдық округінің Ақшолақ елді мекенінде «Тәуелсіздікке 30 жыл» саябағы ашылды, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Салтанатты шараға аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев пен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысты.

Салтанатты рәсімде жалпы қауымға жүрекжарды лебізін арнаған Бақыт Алпысбайұлы мерекеге орай ел игілігіне тапсырылғалы тұрған ажарлы саябақтың ашылуымен құттықтап, оның қолданысқа берілуіне үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.

— Біріншіден, осы саябақта ауыл жастарының ұйымдастыруымен басталған ізгі әрекет соны ауыл әкіміне және демеушілік жасаған аудан әкімі аппаратына көп алғысымды айтқым келеді. Бүгінгі пайдалануға беріліп жатқан саябақтың ашылуымен және келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын. Алдағы уақытта осындай саябақтардың аудан көлемінде көптеп ашыла беруіне тілектеспін. Үлкен істі бастаған жастар мен оларға бағыт – бағдар беріп отырған қарияларға ризашылығым шексіз, — деді Бақыт Алпысбайұлы.

— Өздеріңіз көріп тұрғандай, бүгін Ақшолақ ауылында қуанышты сәт орын алуда. Осы игі іске қолдау көрсеткен аудан мен ауылдық округ әкімшілігіне, саябақ құрылысына белсенді қатысқан ауылдың жастарына елді мекен тұрғындары атынан шынайы алғысымызды білдіреміз, — деді еңбек ардагері, Ақшолақ ауылының ақсақалы Әубәкір Папиев.

— Бүгін, аудан әкімдігінің қолдауымен ауыл жастарының ауызбіршілігі арқасында бой көтерген жаңа саябақ ел игілігіне ұсынылып отыр. Бұл жерде, әсіресе, ауыл жастары өте белсенді атсалысты. Өздері қор құрып, саябақ ішіне ағаш көшеттерін отырғызып, алаңшалар жасады. Оған аудан әкімдігі қолдау көрсетіп, брусчаткалар төсеуге ықпал етті. Бұл ауыл әкімшілігі мен жастар арасындағы байланыс Тәуелсіздіктің 30 жылдығына деген сый деп түсінеміз, — ауыл тұрғыны, «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ-ы аға электр механигі Қайрат Махиев.

Салтанатты шара барысында саябақтың ашылуына сүбелі үлестерін қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің Грамотасы және ауылдық округ әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Жаңа нысанның лентасын аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен ауыл ақсақалы Қалман Бақтыбаев қиды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашқан соң, шара қатысушылары саябақтың ішін аралады.

Айта кетейік, жалпы аумағы 0,30 гектарды құрайтын саябақта шағын футбол және баскетбол алаңшасы, стритворкаут, фонтан, балаларға арналған ойын алаңшасы орналасқан. Ауыл азаматтары құрған қорға жалпы сомасы бір миллион теңгеден астам қаржы жинақталып, саябақ құрылысының қажетіне жаратылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.