Ардагерлерге құрмет көрсету — бүгінгі ұрпақтың міндеті

0 23

9 мамыр күні — Ұлы Жеңіске 76 жыл толады. Туған жердің бостандығы мен азаттығы үшін қолына қару алып, жауына оқ болып атылған ардагерлерге құрмет көрсету — бүгінгі ұрпақтың міндеті. Жақаш ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері, ІІ топтың мүгедегі Өнербай Молдабаев соғыс жылдары Отан үшін от кешіп, ерлікпен шайқасқан, туған жеріне аянбай тер төгіп, өлшеусіз еңбек сіңірген.

Өнербай ата 1939 жылы Тегістік ауылындағы орта мектептің төртінші сыныбын бітіріп, енді ғана еңбекке араласқан кезде Ұлы Отан соғысы бұрқ ете түседі. 1944 жылы желтоқсанның 21-і күні Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық әскери комиссариаты арқылы 17 жастағы Өнербай аға әскерге шақырылған бір азаматтың орнына кете барады. Алғашында Семей қаласында әскери дайындықтан өтеді. Содан кейін №209 запастағы атқыштар полкінің жауынгері, кейіннен пулеметші ретін де сұрапыл шайқастарға қатысады. Әсіресе, 1944 жылдың наурызында, Кенигсберг қаласын жаудан азат ету кезінде, жаңбырдай жауған оқ пен үздіксіз жарылған снарядқа қарамастан Өнербай аға «жау ұясының» үнін өшіру жөнінде берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, жауынгерлерге жол ашады. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін «Қызыл жұлдыз», кейіннен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталады.

Бұдан соң Берлин бағытындағы сұрапыл шайқаста арқасынан, тізесінен ауыр жарақат алып, №12 Киров госпиталінде бес ай жатып емделген соң, 1946 жылы елге оралады.

Соғыстан кейін елге келісімен шаруашылықты қалпына келтіруге құлшына кіріседі. Жамбыл облыстық біржылдық мал емдеу курсына түсіп, оны 1947 жылдың қазан айында бітіріп, кіші мал дәрігері мамандығын алып шығады. Осы кәсібі бойынша Суханбаев атындағы колхозда 1955 жылға дейін мал дәрігері және осы ұжымның егіс, мал фермасының бригадирі болып, зейнетке шыққанға дейін мінсіз қызмет атқарады.

Зайыбы Шапағат Молдабаева апа екеуі 4 ұл 5 қыз тәрбиелеп өсіреді. Ұл-қызынан 25 немере, 33 шөбере көріп, қарапайым ғұмыр кешіп, тектілігін сақтаған майдангер өсіп келе жатқан жас ұрпаққа бейбіт күннен артық бақыт жоқ екендігін, оны қадірін білудің маңызын айтудан жалықпайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.