Жеңіс туын Рейхстагқа тігу операциясына қатысқан ерге құрмет көрсетілді

0 9

Ұлы Жеңіс күні Қаракемер ауылында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Жеңіс туын Рейхстагқа тігу операциясына қатысушы, I дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет» ордендерінің иегері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әсет Кемпірековтің құрметіне өзінің қара шаңырағының көшеге қараған беттегі қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы келіп қатысқан аудан әкімі Сәкен Арубаев ер есімі ел есінде сақталатынын айтып, жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтады.

– Ер есімі мәңгі ұлықталады. Ерлік даңқы өшпейді. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Қара керзі етікпен от кешкен майдангердің өзі алыстаған сайын даңқы жақындай түседі. Әсет Маулемқұлұлының ерлігі мен қаһармандығына мың тағзым. Біз Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарған ерен ерге ерекше құрметімізді білдіреміз. Мәңгілік жадымызда сақтаймыз. Осы сәтті пайдалана отырып, сіздерді Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, мәнді ғұмыр тілеймін, – деді Сәкен Қаланұлы.

Жылы лебіздер легін жалғаған аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Ғани Алдабергенов, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Жақсылық Сәлемов, ауыл ақсақалы Ахатай Балқыбеков батырдың тұлғалық қалпына, адами қасиеттеріне тоқталып, қашанда өзгелерден дараланып тұратынын алға тартты. Ал, батырдың қызы, ардагер ұстаз Орал Кемпірекова әкесі туралы сыр шертіп, сағынышпен еске алды.

 

Айтулы шараны ауылдың тумасы, арда азамат, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Масат Берік «Әсет аға!» арнауымен түйіндеді.

Ұлы Отан соғысының ардагері Әсет Маулемқұлұлы Кемпіреков 1923 жылдың 23 мамырында Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келген.

Қаракемер ауылында орта білім алған. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Бішкектегі әскери училищеде оқыған.

1944 жылы кіші лейтенант шенінде соғыс майданына аттанған. 1-інші Беларусь майданы құрамында болып, Польшаны азат етуге, Одер өзенін алуға, «Померания-Шнейдемюль» операциясына, Берлин қаласын алуға қатысқан.

Әсет Маулемқұлұлына майданда көрсеткен ерлігі үшін сол кездегі Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығымен алғыс жарияланған. Рейхстагқа ту тіккен 150-інші атқыштар дивизиясының 756-ншы полкінің взводын басқарған. Рейхстагды алудағы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған. Бірақ, Мәскеу 1985 жылы I дәрежелі «Отан соғысы» орденін берумен шектелген.

2000 жылы Жамбыл ауданының «Құметті азаматы» атағын алған. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.