Бақыт Қазанбасов майдангерді мерекемен құттықтады

0 18

Байзақ ауданы әкімі бастаған топ Ұлы Отан соғысына қатысушы, Жақаш ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері, екінші топтың мүгедегі Өнербай Молдабаевтың шаңырағына барып, мерекемен құттықтады, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Ұлы Жеңіс мерекесімен 95 жастағы Өнербай ақсақалды құттықтаған аудан басшысы бейбіт өмір үшін от пен оқтың ортасында болған кешегі жауынгер, бүгінгі ардагердің ерен еңбегі ешуақытта ұмытылмайтынын жеткізді.

Бақыт Алпысбайұлы қазыналы қарияға облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етіп, сый-сияпаттарын ұсынды.

Ақ дастархан басында әңгіме өрбіткен қария өз өмірінен сыр шертті. Сонау 1926 жылы Батырақ ауылында дүниеге келіп, Тегістік ауылындағы мектепте төрт жылдық оқуды аяқтап, облыстық бір жылдық мал емдеу курсын бітіргенін айтқан Өнербай қария соғыс басталғанға дейін колхозшы болып еңбек етіпті.

Ұлы Отан соғысына бұрынғы Фрунзе ауылынан Свердлов ауданы әскери комиссариаты арқылы 1944 жылы шақырылып, сол жылы 209 запастағы атқыштар полкінде қатардағы жауынгер, 1945 жылы пулеметшы болып, Кенингберг қаласын азат етуге қатысқан. Осы қаланы азат етуге көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған.

1945 жылы Берлин бағытында жараланып, 1946 жылы елге оралған. Елге келген соң Фрунзе колхозында мал дәрігері, мал фермасының бригадирі, егіс бригадирі болып жұмыс істеген. Жұбайы екеуі бес ұл және төрт қыз тәрбиелегенін, олардан бүгінде 25 немере және 35 шөбере көріп отырғанын айтты қарт майдангер.

Елімізге бейбіт өмір, ашық аспан тілеген қарт сарбаз осындай айтулы мереке қарсаңында елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен облыс пен аудан басшылығына алғысын жеткізіп, ақ батасын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.