Жылыжай салуға кәсіпкер Ғабит Асанов бір жарым ай уақыт мен 3 миллион теңгесін жұмсаған. Биыл 8 соттық жылыжайға «Аринара» сұрыпты қияр отырғызылыпты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Үй іргесіндегі жер телімін пайдалану облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаның бір бағыты болатын. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар жобаға енген елді мекендерден бөлек өзге ауылдарда да қанат жаюда. Атап айтсақ, Степной ауылының тұрғыны Ғабит Асанов өткен жылы үйінің бақшасынан жылыжай салуды қолға алған еді.
Ол алдымен темір трубаларды қолдан дəнекерлеп жылыжайдың қаңқасы жасап алды. Оны құрастырып болған соң сыртын полиэтилен пленкасымен мықтап қаптады. Оған Ғабит бір жарым ай уақыт мен 3 миллион теңгесін жұмсапты. Жылыжайды іске қосу үшін көршілері Нағашбай Асанов пен Қуантай Артықбаевты жұмысқа алған.
— Бір қарағанда пленкамен жылыжайды қаптау оп-оңай жұмыс көрінеді. Алайда, бұл іс асқан дәлдікті, ұқыптылықты, тиянақтылықты қажет етеді. Жылыжайдың ішіндегі желдету жүйесін ойластыру, жылы ауаның сыртқа шығып кетпеуін қадағалау, жазда оны ашып қою механизмдерін жасау біраз уақыт алды, — дейді Нағашбай Асанов.
Сегіз сотық жерді алып жатқан жылыжайға бірінші жылы қызынақ егілген. Одан екі ай бойы өнім жиналды. Арнайы жәшіктерге тиелген қызанақ Степной ауылынан бастап, Қордай ауылының базар сөрелеріне қойылды. Сұраныс жаман болған жоқ. Алайда, жұмыс болған соң, кемшіліктер де жоқ емес. Жылыжайдың біраз бөлігі қайта жөнделіп, жетілдіріліпті. Ал биыл 8 сотыққа «Аринара» сұрыпты қияр отырғызылыпты.
— Ақпан айында Сарыағаш қаласынан қияр көшеттерін алып келдік. Дәннен гөрі, дайын көшетті алу тиімдірек деген шешімге тоқталдым. Алла қаласа, мамырда алғашқы өнімді жинаймыз деген жоспар бар. Бір жақсысы қияр күзге дейін өнім береді, — дейді жылыжай жұмысшысы Қуантай Артықбаев.
Жылыжайда тамшылатып ылғалдандыру жүйесі қолданылған. Сусорғылармен дақылға жеткізілетін суға қажетті дәрумендер қосылады екен. Нысанды жылыту үшін арнайы пеш орнатылған. Қыстыгүні 14-16 тонна көмір жағылады. Ең үлкен шығын осы екен.
— Жылыжайда өсірілген көкөністердің сапасы жоғары. Жаңа жабдықтарды, көшеттерге қосымша күтім жасауды, суды тазарту жүйесін, тамшылатып суғаруды қолдану арқылы оң нәтижеге жетеміз деген сенім бар. Біздің басты мақсатымыз – жергілікті өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, — дейді Ғабит Асанов.
Болашақта ол жылыжай көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ оған ауқымды қаражат қажет. Іскер азаматтың бар арманы осы.